Биыл көктемнің жауын-шашынды болуы Түркістан облысының шаруаларын шарасыз күйге түсірді. Егістіктің ылғалы тартылмағандықтан мырзашөлдік диқандар мақта егуді әдеттегіден 20 күнге кешігіп бастады. Оның үстіне күн кештеу жылынып, шуағы мен нұрын енді төге бастады.
Қазір диқанда дамыл, механизаторда тыным жоқ. Тұқымды ертерек жерге сіңіріп алу үшін күндіз-түні бел шешпей еңбектеніп жатыр. Шаруашылық қарамағындағы 200 гектар жерге шит себуі керек. Ең қиыны кеш егілген тұқым әлденбей жатып, зиянкестерге азық бола ма деген қауіп басым. Оның үстіне кеш егілген тұқымның өнімі де кейін піседі.
Ерсұлтан Ермағанбетов, шаруа:
- Құрт ерте түсетін болады. Соған зиян болады. Сол үшін адамдар көбірек шит егіп жатыр. Былтыр 23 келіден тастасақ, биыл 25-27-ден тастап жатыр. Енді бұл әжептәуір шығын ғой бізге.
Бұл әлде де болса сор шайған суы жылдам тартылып қалған жерлер. Ал, жерасты суы жақын егіс алқаптарының ылғалы әлі басылмаған. Жұрт егін екпек тұрмақ, жерін тырмалай алмай отыр. Топырақ кеппеген. Техника жүре алмайды.
Жеңіс Айтбеков, шаруа:
- Жер бабына келмей жатыр. Жер бабына келмесе шиттің шығуы қиын болады. Лай болып тұр жартылай.
Жетісай ауданы бойынша биыл 41 мың гектар жерге мақта өсірілмек. Бүгінге дейін оның 75 пайыздайы егіліп бітті. Аймақтағы 3 ауыл округінде көктемгі егіс толығымен аяқталған. Бұл жұмыстарға үкімет тарапынан арзан бағамен 5 мың тонна жанар-жағар май бөлінген.
Жамантай Бейсенбаев, Жетісай ауданының әкімі:
- Жері сортаң, сайда, жерасты суы көтеріңкі жерлер егуге келмей отыр. Оған тиісті техника, жанар-май, шиттердің бәрі дайын. Осы аптаның соңына дейін біз толық биылғы егісті егіп бітіреміз.
Зиянкестермен күрес шараларына шаруалар қазірден қам жасауда. Негізінен биологиялық тәсіл қолданылмақ. Ол үшін аймақта арнайы фабрикалар жасақталып, онда мақтаның жауы болған құрт-құмырсқаларды теріп жейтін көбелектер өсіріліп жатыр. Мұндай тәсіл химиялық дәрілерді сатып алуға кететін шығынды азайтып, жердің құнарын сақтап қалмақ.
Ғани ҚАЛМАХАН