«Жас Ұлан» - патриоттықтың жас буыны - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Жас Ұлан» - патриоттықтың жас буыны

07.05.2019

Еліміздегі беделді оқу орындарының бірі - Сағадат Нұрмағамбетов атындағы «Жас Ұлан» республикалық мектебі биыл 20 жылдық белесіне қадам басқалы тұр. 1999 жылы Елбасының тікелей бастамасымен елордада әскери мектеп құрылып, алғашқы ұландарын қабылдаған болатын. Офицерлер ұстаханасына айналған білім ордасы осы жылдары мыңнан аса нағыз патриот өренді тәрбиелеп шықты. Олардың басым бөлігі бүгінде еліміздің қорғаныс саласында жемісті еңбек етуде. «Жасұландықтардың» бүгінгі толқынымен тілшіміз Шерхан Жамбылұлы кездесіп қайтты.

Еліміздің бейбіт аспанын қоритын болашақ сарбаздар әрдайым жүз пайызға дайын болуы керек. Сондықтан да мектепте ұландарды автоматпен жұмыс істеуге үйретіп, машықтандырады.

Еламан Қабибуллинов, С.Нұрмағамбетов атындағы «Жас Ұлан» мектебінің оқушысы:

- Менің өзімнің рекордым - 9 секунд. Бірақ оған жету үшін маған 20-30 минуттай дайындалып алу керек.

Бейбіт елдің әскерилері жан-жақты, білімді болуы шарт. Мектеп оқушысы Нұржанат Мұхамед осылай дейді. Әдебиетке жаны құмар өрен Махамбет пен Мағжанның жалынды жырларын сүйіп оқиды.

Нұржанат Мұхамед, С.Нұрмағамбетов атындағы «Жас Ұлан» мектебінің оқушысы:

- Өз елін сүйген азамат, елінің басына күн туғанда қорғаймын деп шыққан адам - нағыз патриот.

Сымдай тартылған жас өрендердің өмірінде спорт үлкен орын алады. Күнделікті жаттығулардан бөлек ұландар аптасына бірнеше мәрте спортпен айналысып, физикалық дайындығын ширатады.

Білім ордасында қазіргі таңда 450-ден аса оқушы тәлім алуда. Жылына 200 ден аса ұланды қабылдайды. Ал, мектепті аяқтағандардың 80 пайызы әскери бағыттағы жоғары оқу орындарына түсіп, білімін жалғастырады. Бүгінде мектеп түлектерінің алғашқы лебі майор шеніне жетіп, ел тыныштығы үшін жемісті еңбек етуде.

Шерхан ЖАМБЫЛҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу