Ардагерлер пойызбен тегін жүреді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ардагерлер пойызбен тегін жүреді

03.05.2019

Бұл игі істі «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры мен «Жолаушылар тасымалы» акционерлік қоғамы бірлесіп ұйымдастырып отыр. Акция «Жеңіс» деп аталатын республикалық әлеуметтік-қайырымдылық жоба аясында өткізіледі. Сөйтіп ардагерлер Қазақстан және ТМД аумағында жүретін пойыздарда барлық бағыт бойынша ақысыз жүре алады. 

Суреттегі қария – Бақтыбай ата. 93 жаста. Соғыс ардагері. Суреттерге жиі үңіледі, майдандас достарын еске алады. Себебі жыл санап олардың қатары сиреп барады. 

Бақтыбай ата бүгінде үлкен әулеттің егесі. 6 баладан 16 немере, 10 шөбересі бар. Төрт көзі түгел – жанында. Тек ағайыннан алшақта. Көзі тірісінде туған топырағы Алматы облысына тағзым ету – арманы. 

Бақтыбай Алмабеков, соғыс ардагері:

- Сағынамын. Онда інім, келінім, оның балалары бар. Хабарласып тұрады, келіп тұрады.

Бақтыбай ата шалғайдағы туған-туыстарын енді армансыз аралай алады. Себебі соғыс ардагерлері 1 жыл бойы пойызбен тегін қатынайды. Жол бойы ас-ауқат ақысыз, орын жайлы.

Жол билеттерін алу үшін жолаушының жеке куәлігі және соғыс және тыл ардагері екенін растайтын құжат қажет. Тағы бір айта кетерлігі, ТМД аумағына сапар шегетін ардагерлер билетті тек Қазақстанда ғана сатып ала алады.

Армангүл ТОҚТАМҰРАТ

Хабарламаларға жазылу