Шығыс Азиялық бизнесмендер еліміздің оңтүстік өңірі баламалы энергия көздерін дамытуға таптырмас мекен екенін айтады. Сол себепті халқы тығыз орналасқан бұл аймақта «жасыл» технологияларды дамытпақ.
Джон Енг Сун басқаратын компанияның баламалы энергия өндірісі саласында әлемдегі беделі жоғары. Олардың жел турбиналары мен панельді тақтайшалары 23 мемлекетке саудаланады. Дубай мен Әзірбайжанда жүзеге асқан Smart City жобасында кореялықтардың технологиясы қолданылған.
Джон Енг Сун, кәсіпкер:
- Біз көптеген Еуропа мен Азия және Солтүстік Америка елдерімен тығыз байланыс орнаттық. Қазақстанда да қазір билік тарапынан «жасыл» технологияларға үлкен қолдау көрсетіліп жатыр. Сол себепті осы нарыққа кіруді мақсат тұттық. Алдағы уақытта «Қазақстанда жасалған» деген таңбамен өз өнімдерімізді шығарғымыз келеді.
Таңғы шық елінен келген кәсіпкерлер жақын арада Түркістан облысы, Бәйдібек ауданынан екі бірдей зауыт ашпақ ниетте. Екеуі де «жасыл» технологиямен байланысты. Жалпы құны 8 млрд теңге инвестиция құймақ.
Кореялық компанияның одан кейінгі мақсаты - Түркістан қаласын Smart City жобасы бойынша «ақылды» қалаға айналдыру. Құрылысы қарқынды тарихи шаһарда бұл бастаманы іске асыру үшін 1 млрд АҚШ доллары қажет.
Шерхан ЖАМБЫЛҰЛЫ