Халықты «Әлеуметтік қамқорлық» шараларымен ақпараттандыру тобының Алматы облысына жұмыс сапары басталды. Үкімет өкілдері Талдықорған өңірінің тұрғындарына әлеуметтік бағдарламалардың әрбір тармағын баяндап, мемлекет тарапынан көрсетілетін көмек түрлерін түсіндіруде. Азаматтардың пікірі тыңдалып, Үкімет мүшелері көпшіліктің көкейіндегі сұрақтарға жауап бермек.
Ербол Мәндібек, тілші:
- Алматы облысында әлеуметтік бастамалардың барлық бағыты бойынша жүйелі шаруалар атқарылуда. Соның бірі - жұмыссыздықпен күрес. Бұл мәселені оңтайландыру үшін ақпараттық технология тетіктері кеңінен қолданылуда. Мәселен, жұмыспен қамту орталықтары жаппай электронды қызмет түріне көшіп, еңбек нарығындағы бос орындар күн сайын жаңартылуда. Яғни, мұнда жұмыссыз ретінде тіркелуге келген азаматтарға әп-сәтте бос орындардағы еңбек шарттары ұсынылады. Яғни, жұмыс іздеуші мен жұмыс ұсынушылардың арасында ақпарат алмасу жеделдетілген. Халыққа қызмет көрсету орталықтары да дәл осындай тәртіпте жұмыс істеп жатыр.
Қазіргі уақытта арнайы келген жұмыс тобы жалпы халықпен кездесіп, Елбасы жариялаған «Әлеуметтік қамқорлық» шаралары жөнінде жан-жақты ақпарат беруде. Жәрдемақы мен жалақының өсімі, баспанамен қамту, білім мен денсаулық сақтау сапасын арттыру мәселесі кеңінен талқылануда.
Айта кетейік, Алматы облысында жұмыссыз азаматтардың саны 48 мыңнан асады. Аз қамтылған отбасылар саны 60 мыңға жуық. Көпбалалы отбасылар 41 мың. Аймақ басшысы Амандық Баталовтың айтуынша, әлеуметтік мәселелерді шешудің жол картасы әзірленген. Соған сәйкес нақты шаралар қолға алынған. Мәселен, Талдықорғанда көпбалалы аналардың қоғамдық көлікте жүруі тегін етілген. 300 көпбалалы анаға 1 миллион теңгенің тұрғын үй сертификаты берілмек. Осы санаттағы отбасылар үшін арнайы екі тұрғын үй құрылысы басталыпты. Жұмыссыз азаматтарды қажетті мамандықтарға қайта даярларлау жүріп жатыр.