«Жайықтағы қырылған балыққа қатысты қозғалған тергеу амалдарының созылуы халықтың алаңдаушылығын тудыруда. Сондықтан, кінәлілер тезірек анықталып, жазасын алу керек». Атырауға арнайы барған Парламент Сенатының депутаты Сәрсенбай Еңсегенов осылай деді.
Депутат мұнай зауыттары мен арнайы мекемелерді аралап шықты. Сондай-ақ, балық аулау орындарына соғып, кейін салаға қатысты мамандармен бас қосып, жағдайды саралады. Өзен 120 тоннаға жуық өлі балықтан тазартылды.
Жайықты жетімсіреткен жайтқа қатысты екі қылмыстық іс қозғалды. Қазір тергеп-тексеру әлі жалғасуда. Алғашқы сараптама қорытындысына сай, балықтардың хлордан уланғаны белгілі болды.
Мұхтар Қожаев, ҚР ІІМ Тергеу департаменті бастығының орынбасары:
Зерттеудегі үлгілердің және басқа да құжаттардың өте үлкен ауқымдылығына байланысты, сараптамадан өткізу мерзімі ұзартылды. Оның қорытындысын жақын арада аламыз деп күтудеміз. Сол сараптаманың қорытындысымен біздер суды ластаудағы күдікті тұлғаларды анықтап, олардың әрекетіне заңды баға беретін боламыз.
Жандос ТЕМІРҒАЛИЕВ