Қаныш Сәтбаевтың туғанына - 120 жыл - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қаныш Сәтбаевтың туғанына - 120 жыл

12.04.2019

Бүгін - Ғылым күні. Сонымен қатар, ұлтымыздың ұлы перзенті, ғұлама ғалым Қаныш Сәтбаевтың туғанына 120 жыл толды. Ол Қазақ ғылым академиясының алғаш ұйымдастырушысы әрі тұңғыш президенті болған. Академик ғылымнан өзге мәдениет, тарих саласына да елеулі еңбек сіңірген. Оның артында 600-ден астам ғылыми еңбегі, 10 томдық таңдамалы шығармалар жинағы сияқты өшпес мұра қалды.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2011 жылы Қаныш Имантайұлының туған күнін Ғылым күні деп бекіткен. Сол уақыттан бері атаулы дата ауқымды түрде тойланады. Ғалымның құрметіне арналған тағылымды іс-шаралар өтеді.

Мұрат Жұрынов, ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті:

- Ғылым күні әрі Қаныш Сәтбаевтың туған күні. Биыл осы күні Қаныш Сәтбаевқа 120 жыл толды. Сондықтан ғалымның қазақ ғылымына сіңірген үлкен қызметін атап өтуіміз керек.

Қаныш Сәтбаевтың азан шақырып қойған есімі – Ғабдулғани. 1899 жылдың 12 сәуірінде Павлодар облысы, Баянауыл ауданында дүниеге келген. Академик саналы ғұмырын қазақ ғылымының дамуына арнады. Ол - геолог-ғалым, минерология ғылымының докторы, профессор, Кеңес одағы және Қазақстан металлогения мектебінің негізін қалаушы, қазақтан шыққан тұңғыш академик. Сонымен бірге, 1642 беттік қазақ мектептеріне арнайы жазылған Алгебра оқулығының авторы.

Ғалымның туғанына 120 жыл толуына орай биыл мектеп оқулықтарына Сәтбаев туралы бөлімдер енгізілмекші. Ал, тарихшылар мектептер мен жоғары оқу орындарында академиктің өмір жолы мен еңбектерін кеңінен насихаттауға кірісті.

Нұрхан НҰРЛАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу