СҚО-ның Қызылжар ауданында екі көпірді су басты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

СҚО-ның Қызылжар ауданында екі көпірді су басты

12.04.2019

Қазір жергілікті тұрғындар аудан мен облыс орталығына айналма жолмен барып жүр. Оған қоса, әлі де су деңгейі көтерілуі мүмкін деген аймақтарға бөгендер салынып, сақтық шаралары атқарылып жатыр.

Сағындық Сәбитұлы, тілші:

- Есіл еркелігіне басса, жағаға жақын қонған ауылдарда ес қалмайды. Мәселен, мына Большая Малышка мен Соколовка ауылдарының арасындағы көпірді биыл тағы да су басты. Енді тұрғындардың 3 шақырым жерге жетуі мұң болып отыр.

Соколовка ауылының тұрғыны Виктор Одинцов көрші ауылдағы танысына бармақ болған. Есілдің тасып, жағаға жайылғанын көріп, салы суға кетті.

Виктор Одинцов, ауыл тұрғыны:

- 25-30 жыл болды бұл көпірге. Ескі баржаны осы жерге ыңғайлап, көпірге келістіріп жасаған кезінде. Қазір әбден шіріген. Көктемде су астында қалады, сосын су кеткесін оны жөндейді. Тамызда не қыркүйекте ғана қайта қояды. Мына 3 шақырым жердегі тұрғындар кейбір тауарды бізден алады. Сол үшін 60 шақырым жүреді.

Бұл - Новоникольск ауылына апаратын жол. Осыдан 4 күн бұрын Есіл арнасынын асып, көпір су астында қалды. Ауыл тұрғындарының жыл сайын көретіні осы. Мына көпір тұрғызылмайынша, аудан орталығына айналма жолмен қатынауға мәжбүр.

Елена Захарова, ауылдық округ әкімі:

- Біздің адамдар үйренген, осы кезде су таситынын біледі. Көпір еңісте орналасқан соң, суда қалады. Биыл мына жаңа көпірді аяқтауы тиіс. Сонда ғана бұл проблемадан құтыламыз деп ойлаймын.

Қазір Сергеев су қоймасындағы жағдай тұрақты. Су тораптың ернеуінен 127 сантимерге ғана асты. Тасқынның алғашқы қарқыны басылды. Бірақ қызылжарлықтар қамсыз отырмау үшін Есіл сағасының осал тұстарын нығайтып, бөгендер салуда.

Сағындық СӘБИТҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу