Аударма жайы ақсап тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Аударма жайы ақсап тұр

12.04.2019

Терминкомның құзыреті мен мәртебесін көтеру керек. Сонда ғана бекітілген терминдер кеңінен қолданылады. Тіл маманы, ғалым Шерубай Құрманбайұлы Парламент Мәжілісінде өткен «Рухани жаңғыру: қазіргі қазақ терминологиясы» атты ғылыми-тәжірибелік конференцияда осындай ұсыныс айтты. Ғалымның айтуынша, қазір терминдерді кәсіби түрде аударатын мамандар басқа салаларда жұмыс істеп жүр. «Бар маманның өзін бір орталыққа шоғырландырып, күшімізді біріктіре алмай отырмыз. Терминология жұмыстарының республика деңгейінде жүргізілмей жатқаны да сондықтан»,-дейді профессор. Терминология саласының шешілмей келе жатқан мәселелелері жөнінде тілшіміз Сәуле Алдамұратқызы айтып береді.

Кеңес заманынан келе жатқан «аукцион» сөзі 1990 жылдары «бәссауда» деп аударылған. Терминком бекіткен бұл сөз 2014 жылы «аукцион» болып қайта ауыстырылды. «Музей» 1998 жылы «мұражай» болды. Соңғы кездері қайтадан «музей» деп қолдана бастадық. 2000 жылдары «принцип» сөзі «қағидат» деп аударылған. Алайда қазір оны ешкім аузына алмайды.

Бейбіт Мамраев, ҚР Парламент Мәжілісі Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің хатшысы:

- Үкімет жанында терминком жұмыс істейді. Олардың шешімдері ұсыныс ретінде айтылатын болса, БАҚ-та орындалу керек. Кей жағдайда терминком бекітпеген сөздерді газеттерде қолданып жатады.

Сол үшін терминкомның құзіретін күшейту керек. Сонда ғана жұрт бекітілген терминдерді кеңінен қолданады.

Шерубай Құрманбайұлы, филология ғылымдарының докторы:

- Мәселен, Қаржы министрі қазақша сөйлеп тұрса, онда қаржы терминологиясының дамуына қажеттілік те, негіз де қалыптасады. Мамандар іздей бастайды. Ал, қазақ тілі осы салаларда қолданбайынша, бұл саладағы терминологияың орнығуына біз негіз қалай алмаймыз.

Заң демекші, соңғы жылдары қабылданған заңнамалардың қазақ тілдегі мәтіндерінде ұзақ жылдар қолданыста болған кейбір заң терминдерінің атаулары өзгертілген. Кейде сол сөздер екіұшты болып, мәселе тудырып жатады.

Бағлан Мақұлбеков, ҚР Жоғарғы Сотының судьясы:

- Бұрынғы заңнамада «сот шығыстары» «сот шығындары» болып аударылған болатын. Ондаған жылдар бойы сот шығына деген сөзді еш кедергісіз айтып келдік. Енді «шығынымыз» «шығысқа» ауысып кетті. Сот төрелігінің шеңберіне тартылып, мемлекеттік алым адвокаттар мен өкілдің еңбекақысын төлеген тұлға шығындалады емес пе?

Сол себепті бір терминді бекітер кезде сарапшылар жақсылап ойланып, ақылдасуы қажет. Терминкомда бекітілген сөздің қолданыста болуын қатаң қадағалай алатын құзірет болу керек. Жиында мәселені реттеу үшін арнайы қабылданып, Үкіметке ұсынылды.

Сәуле АЛДАМҰРАТҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу