Қой шаруашылығы ақсап тұр

22.05.2019

Қарағанды облысында 1991 жылы 2 миллион қой болса, қазір соның жартысы ғана қалған. Бұған себеп - ұсақ мал шаруашылығына жұмысшы күшінің тапшылығы, етіне сұраныстың аздығы және жүнді өткізетін жердің болмауы. Әсіресе, осы жүнді кәдеге жарату үлкен түйткілді мәселеге айналып отыр. Соның салдарынан бір кездері малы өрісте мыңғырып жатқан шаруашылықтар құрып барады.

Зәрузада Тәукеев Ақтоғай ауданындағы жалғыз селекционер-маман. Көп жылдар етті әрі биязы жүнді дегерес қой шаруашылығын дамытуға атсалысқан. Кезінде осы өлкеде асыл тұқымды бұл қой мыңғырап өрсе, қазір соның төрттен бір бөлігі де қалмаған.

Зәрузада Тәукеев, ауыл шаруашылығы саласының ардагері:

- Кезінде бұл дегерес қойы ауданда 250 мыңға дейін жеткен. Бұл қойды қолға алмасақ, етін өткізуді дамытып, жүнін іске асырмасақ, бұл қой құрып кетуі мүмкін.

Қазір жүн ешқайда өтпейді. Жеңіл өнеркәсіп ақсап тұрғандықтан оған сұраныс жоқ. Елдің Оңтүстік өңірлерінен келіп жүн қабылдап көрші мемлекеттерге өткізумен айналысатындар да қара көрсетпегелі қашан. Себебі баға мардымсыз. Фермерге де, тасымалдаушыға да тиімсіз. Жеке ауладан, шаруашылықтан да шыққан жүн тау болып қоқыс полигонында жатыр.

Қабдолла Нөкербек, ауыл тұрғыны:

- Қойы бар шаруалар бар. Жалғыз жекеменшік секторлар ғана емес. Жүн қабылданбайды. Барлығын қоқысқа апарып тастаймыз.

Елдегі жеңіл өнеркәсіптің мардымсыздығы, жүнге сұраныстың жоқтығы Абзал сынды кәсіпкерлердің де жұмысын қаңтарып тастады. Жылына 120-130 тонна жүн қабылдаған цехы соңғы екі жылда бос тұр.

Абзал Әбдіғұлов, кәсіпкер:

- Жүнді 1998 жылдан бері жинадым. Ол кезде субсидия берілетін. Алматы кілем зауытына өткізіп жүрдік. Ол да тоқтады.

Қой етінің өтімсіздігі де шаруаларға қолбайлау. Оның бағасын келістірудің жалғыз жолы - экспортты ұлғайту. Өткен жылы Қарағанды өңірі мен Қытай мемлекеті тарапынан келісімшарт жасалып, 32 тонна ет жіберілді. Биыл да бұл жұмыстар жалғасын таппақ. Ауыл шаруашылығының қаржы институттары арқылы несиелендіру қолға алынған. Мақсат - қой санын арттыру.

Сырым Бошпанов, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

- 15 мың несие алды адамдар. Мал ауыл ішіндегі шаруашылықтардан алынды. Сырттан әкелінбеді. Ол облыстағы қой санының өсуіне ешқандай ықпал етпеді.

Ал, жүнді өткізу, өңдеу ісін дамыту үшін инвестиция тарту бағытында жергілікті билік тарапынан үнемі ізденіс жасалып жатыр. Әзірге нәтиже жоқ. Фермерлер жұмысшы күшіне де зәру. Міне, осы айтылған мәселелердің барлығы түптеп келгенде фермерлерді қой шаруашылығын орта жолдан тастауға еріксіз итермелейді. «Бұлай жалғаса берсе, шопан таяғын кім ұстайды»,-дейді жасы 72-ге келсе де, осы саланың жанашыры болып жүрген Зәрузада ақсақал.

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу