Павлодарда ономастика жұмысы ақсап тұр

01.04.2014
Павлодарда ономастика жұмысы ақсап тұр
Тілің күрмеліп, көз ұялатын жарнама, жазулар Павлодарда көп. Билбордтар мен дүкен маңдайшаларына ілгенде оның мазмұнына мән берілмейді. Соның салдарынан көптеген атаулар мен жарнамаларды орысшасына қарап түсінесіз.
 
Қазақ тіліндегі мұндай сауатсыздық «Мемлекеттік тіл туралы» Заңның 21-ші бабын белден басқандық болып табылатыны туралы өткен жылы 200-ден аса заңды тұлғаға ескертілген. Одан шығып жатқан еш нәтиже жоқ. Есесіне жаңадан ашылып жатқан нысандардың атын еш аудармасыз ағылшын тілінде жазу үрдісі байқалады.
 
Тағы бір мәселе, Павлодарда қазақша көше атауын таппай қиналасыз. Көшелердің 70 пайызға жуығына өзге тілдегі атаулар берілген.
 
Ержан Нұрмағанбетов, Павлодар қаласының тұрғыны:
Қылышынан қан тамған, қазақты қойдай қырған Ермак батырдың атында көше бар. Аялдама бар. Өзіміздің батырлар - Наурызбай, Қабанбай, Бөгенбайлардың, Абылай хан есімін неге қоймасқа? Олардың атында бірде-бір көше, көше тұрмақ аялдама жоқ. Алысқа бармай-ақ кемеңгер қолбасшы Бауыржан Момышұлының атында неге көше жоқ бізде. Егер ономасикалық комиссиясының бұған ой-деңгейі, күш-қуаты жетпей жатса, онда халықтан көмек сұрау керек.
 
 
Болат АМАНБАЕВ

Хабарламаларға жазылу