Әлеуметтік қамқорлық. Жұмыс тобының Жамбыл облысына жұмыс сапары басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әлеуметтік қамқорлық. Жұмыс тобының Жамбыл облысына жұмыс сапары басталды

11.04.2019

Халықты әлеуметтік қамқорлықпен шараларымен ақпараттандыру тобының Жамбыл облысына жұмыс сапары басталды. Бүгін Үкімет өкілдері өңірдегі көпбалалы және аз қамтылған отбасыларды аралап, әлеуметтік бағдарламаларға қатысу мүмкіншілігін сұрастырды. Күрмеуі қиын мәселелерге тап болған азаматтарды жеке қабылдап, жергілікті жердегі жауапты тұлғаларға тапсырма берді. Толығырақ, осы өңірде жүрген тілшіміз Ербол Мәндібек баяндайды.

Елбасы жариялаған жаңа әлеуметтік бағдарламалар Жамбыл облысында жоспарға сай жүзеге асып жатыр. Көмекке мұқтаж халыққа барлық мемлекеттік мекемелер сапалы қызмет көрсетуде. Мәселен, бұл өңірде жан басына шаққандағы табысы кедейлік шегінен төмен 30 мыңға жуық отбасының әлеуметтік картасы әзірленген. Бүгін Үкіметтен келген жұмыс тобы табысы аз, тұрмысы қиын бірнеше отбасына арнайы барып, ахуалымен танысты. 

Гүлшара Әбдіқалықова, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:

Бұл жерде 45 мыңнан астам көпбалалы аналар бар соның ішінде 30 мыңдайы жаңа әлеуметтік көмекке ілігіп отыр.

Ербол Мәндібек, тілші:

Жамбыл облысында көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың кәсіп бастауына барынша жағдай жасалған. Атап айтқанда, жұмыссыз үйде отырған аналардың жеңілдетілген несие алып, шағын іс бастауына мүмкіндіктер қарастырылған.

Мысалы, Зухра Каримова «Еңбекпен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы» бойынша 6 пайызбен 4 миллион теңге көлемінде несие алып, шаштараз бизнесін бастаған.

Ал,  Анар Бексұлтанованың еңбекке деген ынтасы көпке үлгі. Мүгедек жан қарап отырмай, үйінде көрпе-төсек тігіп, табыс табуда. Ендігі мақсаты – бизнесті дамыту, сол үшін 3 миллион теңге көлемінде несие қажет. Анардың мәселесі де осы жерде шешілді.  

Елбасының әлеуметтік қамқорлық шараларын халыққа түсіндіру жөніндегі жұмыс тобының Жамбыл облысына сапары екі күнге жоспарланған. Ертең Үкімет өкілдері тұрғындармен кездесіп, пікірлерін тыңдап, мазалаған сұрақтарына жауап берілмек.

Сонымен қатар, өндіріс ошақтарын аралап,еңбек заңнамаларының сақталуын сұрастырады. Жетекші кәсіпорын басшыларымен жиын өткізіп, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыру тақырыбы талқыланбақ.

Ербол МӘНДІБЕК

Хабарламаларға жазылу