Дәурен Абаев: Асыл дініміз исламның Қазақстанда қанат жаюына еш кедергі жоқ
«Рухани Жібек жолы. Ислам және жастар: қазіргі заманның сын-қатерлері» деп аталған форум бүгін Елордада басталды. Бұған дейін Қытайдың Үрімші, Татарстанның Қазан қалаларында өткен форумда да ислам дінінің асыл қасиеттері сөз болған. Алқалы жиыннан әріптесім Ғабит Бөкенбай баяндайды.
Жібек жолын жағалай қоныстанған мұсылмандардың кіші құрылтайы десек те артық емес. Бүгінгі, басқосуға Ресей, Қытай, Өзбекстан, Моңғолия, Қырғызстан, Финляндияның дін басылары келді.
Алдымен, арқа-жарқа амандасып алған соң, келелі кеңес құрды. Айтпақшы, шара қасиетті Құранның аяттарымен басталды. Кейінірек, мінберге көтерілген ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев «асыл дініміз исламның Қазақстанда қанат жаюына еш кедергі жоқ екенін» айтты.
Дәурен Абаев, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:
Елордамызда Елбасының басшылығымен әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің өткізіліп тұруы да осының айғағы болса керек. Қазақстан ұлы даланың рухани мұраларын дәстүрімізбен сабақтасып кеткен ислам қағиладарын құрметтейді. Алайда, зайырлы, көпұлтты мемлекеттерге тән өзге наным-сенім өкілдерінің де таңдауына шектеу қоймайды.
Дін түзу болса қасиет, теріс болса қасырет. Зайырлы ел болғандықтан, елімізде тәуелсіздік жылдары тамыр жаймаған діни ағым кемде-кем. Бұның соңы түрлі келеңсіздіктер тудырғаны көпке мәлім. Саланы реттеу үшін білдей бір министрлік құрылды. Аз уақытта ондаған діни бірлестіктің ісі реттеліп, жарға жығар жүздеген жат пиғылды әдебиеттің таралуына заңмен тыйым салынды.
Серікбай Қажы Ораз, Бас мүфти - Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының төрағасы:
Жаңа заманауи жастарға ғылым мен білімді және өзінің рухни құндылықтарын, дәстүрін бекем ұстана отырып, жаңа заманның тұлғасы ретінде қалыптасуында ғалымдардың, діни қайраткерлердің, халықаралық деңгейде пікірлерін ораға салу болып отыр.
Достық пен татулықтың зертханасына айналған Қазақ елінде форумның өтуі бекер емес. Бұл шетелдік меймандардың пікірі.
Батырбек Хазірет Хадис, Моңғолия мүфтиі:
Мұндай іс-шараларға қатысқан сайын бір ой түйіп қайтамыз. Мұның жалғасын өз жерімізде жастарымызға жеткізуге тырысамыз.
Бүгін ислам және жастар, рухани құндылықтар, әлем және қауіпсіздік, ашық диолог секілді сүбелі тақырыптар талқыланды. Барлық бағыттың көздегені баянды болашақ пен бақуатты қоғам орнату. Сөзден іске деген мұсылмандар құрылтай соңында қарар қабылдап, жер жүзіндегі мұсылмандарға жөнелтті.
Ғабит БӨКЕНБАЙ
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы