Аманатқа - адалдық - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Аманатқа - адалдық

09.04.2019

Теріскейлік Сайлау Ыдырысов туған жері үшін қызмет етіп келеді және ол оның өмірлік ұстанымы. 40 жыл бойы туған жерінде еңбек еткен дәрігер,  зейнет демалысына шыққан соң, қалаға көшкен. Бірақ жат шаһарда жанына медет таба алмай, туған еліне оралып, қазір қайта сүйікті ісімен айналысып жүр.

Білікті дәрігердің  елге оралуының бірінші себебі - туған жерге деген сағыныш. Екіншісі - жерлестерінің  ықыласы. Еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін оның алдынан өтеді. Бәрінің сырқат-сырын бес саусақтай біледі. 

Аманбай Оспанов, зейнеткер:

Сайлау Әубәкірұлы жоқ кезде 2-3 жыл уақыт бейнет көрдік. Жан-жаққа шығып, Ертіске барып сандалып жүрдік. Қызылтуға жол алыс, бекітіліп қалады.  

Сайлау  Ыдырысов — жоғары санатты хирург. Өзі туып-өскен Қулыкөл ауылында 40 жылдан астам еңбек етті. Әке өсиетін орындады. Өйткені, ол да соғыс жылдары майданда фельдшер болған, ақ халатты абзал жан еді.

Сайлау Ыдырысов, ауылдық емхананың меңгерушісі:

Дәрігер болғаннан кейін адал болу керек, беріліп істеу керек, адамға жанашыр бола білу керек. Айтады ғой, дәрігердің жылы сөзі де емдейді деп, сол - рас. Өкінбеймін, неге өкінемін? Клиникада істемесем де артымда балаларым бар, алтауы да дәрігер. Кей кезде ойнап айтамын «Өзіміз аурухана ашып алсақ та болады екен ғой» - деп. 

Сайлау Әубәкірұлы  -  34 жасында денсаулық сақтау саласының үздігі атанып, есімі энциклопедияға енген.  Бірақ болдым-толдым демей, үнемі ізденісте жүреді. Өзі таңдаған мамандығы мен әке аманатына адалдығы арқасында бүгінде ел сыйлайтын сүйікті дәрігерге айналды.     

Сағындық СӘБИТҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу