Әсіресе, Қараөзек, Ескі Колутон, Доломитово ауылдарына қатынас қиындады. Ауызсудан тарығып отырғандар да бар. Аймақтағы ахуалды Ермек Елберген жеткізеді.
Бұл - Зеренді ауданына қарасты Доломитово ауылына апаратын негізгі жол. Оны бірнеше күн бұрын су шайып кеткен. Қазір 600-ден астам тұрғыны бар елді мекенге жету оңай емес.
Мұрат Қарабатыров, ауыл тұрғыны:
- Мына жолмен жеңіл машина жүре алмайды.
Ал, Бұланды ауданындағы Қараөзек ауылының тұрғындары бірнеше күннен бері ауызсудан әбден тарығып қалды. Елді мекенде 200-ге жуық түтін бар. Олар тіршілік нәрін 10 шақырым қашықтықта орналасқан аудан орталығы Макинск қаласынан тасып ішеді. Жол болмаған соң, су тасу да қиындады.
Әдіретхан Қайсар, ауыл тұрғыны:
- 2-3 күн әрі-бері қатынай алмай қаламыз. Сусыз қаламыз. Бізде су жоқ қой. Макинсктен тасып ішеміз. Жылда тегістеп, құм төсейді. Оны жылда қайтадан шайып кетеді.
Ескі Колутоннан өзге елді мекендерге шығу мүлдем мүмкін болмай қалған. Жолға шығуға мәжбүр болған тұрғындарды арнайы техниканың көмегімен тасымалдауға тура келді.
Қазір облыс бойынша судан қауіп әлі сейілген жоқ. Жабай мен Колутон өзендерінің биіктігі шекті мөлшерден жоғары. Дегенмен су деңгейі соңғы бір тәулікте сәл төмендеген. Целиноград ауданында жағдай мәз емес. Нұра өзенінен қауіп күшті.
Ермек ЕЛБЕРГЕН