СҚО-дағы Сергеев су қоймасы лық толды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

СҚО-дағы Сергеев су қоймасы лық толды

08.04.2019

1,5 метрге көтеріліп, ернеуінен асқалы тұр. Дегенмен, мамандар әзірге қауіп жоқ екенін айтады. Алайда өзендегі сең бұзылып, еріген қар мен мұздан алдағы аптада су деңгейі тағы да көтерілсе, айналадағы ауылдарды әбігерге салуы әбден мүмкін. Теріскейдегі тілшіміз тарқатады.

Сағындық Сәбитұлы, тілші:

- Сергеев су қоймасының сыйымдылығы - 693 миллион текше метр. Қалыпты жағдайда, яғни жазды күндері 15-20 текшеге дейін су өткізеді. Ал, қазір секундына 180 текшеден су өткізіп жатыр. Алдағы бір аптада бұл көрсеткіш анағұрлым өсуі мүмкін.

Әзірге мұздың көбесі сөгіліп, сең жүрген жоқ. Соның өзінде Сергеев су қоймасы лық толып, тораптан құлаған судың екпіні күшейді.

Бағлан Қарабеков, Сергеев су торабының директоры:

- Қазір 10-ақ проценті жүріп жатыр. 2017 жылғы тасқында соның 60 пайызына ғана жетті. Бұл су торабы мықты, қандай тасқын болса да көтереді.

Биыл теріскейге көктем әдеттегіден ерте келді. Күндіз еріп, түнде қатып, қар суы қарбалас тудыра қойған жоқ. Енді жұрт Есілге елеңдеп отыр. Ол арнасынан асса, жағасына жайылып, ойда орын тепкен кей ауылдарға су кіруі мүмкін. Сонда да, сақтық шаралары барынша жүргізілді.

Нұрлан Есімов, Шал ақын ауданының әкімі:

- Су бөгетін жасадық, ұзындығы - 800 метр, биіктігі - 2 метр. Кіші Тораңғұлдан жалпақтығы 2 метр құбыр тастап, суармалы канал арқылы жіберіп жатырмыз.

Мамандардың айтуынша, осы аптада сең жүреді. 7-8 күн шамасында Петропавл маңында өзен тасып, шеткері аудандар мен саяжайларды су басады деген қауіп бар.

Сағындық СӘБИТҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу