Ақтөбеде жөнделгеніне 1-2 жыл ғана болған жолдар қайта жарамсыз күйге түсіп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбеде жөнделгеніне 1-2 жыл ғана болған жолдар қайта жарамсыз күйге түсіп жатыр

05.04.2019

Ақтөбеде жөнделгеніне 1-2 жыл ғана болған жолдар қайта жарамсыз күйге түсіп жатыр. Көлік жүргізушілері әсіресе, жауынды күндері қатты қиналатындықтарын айтып шағымдануда. Қала билігі мердігер мекемелерге  осындай он көшенің сапасын төселген асфальт жамылғысын қалпына келтіруді міндеттеген. Өңірден Жақсыбек Кемал баяндайды.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Қазір біз тұрған Арынов көшесі бір жыл бұрын ғана жөндеуден өткен. Өздеріңіз көріп тұрғандай, осы аз уақыттың ішінде бұл жол жарамсыз күйге түскен. Мұндағы шұңқырлардың тереңдігі сондай, он минуттың ішінде 4-5 көлік бамперін соғып үлгерді.

Ақтөбелік көлік жүргізушілері бұл көшелермен күн сайын ілдебайлап әрең өтеді. «Жолдардың көбі көктем сайын шұрық-тесік болып, көлігімізді, онымен бірге жүйкемізді тоздырады», - дейді. Ең сорақысы, жөнделгеніне бір-екі жыл ғана болған көшелердің де ойдым-ойдымы шығып жатыр.

Болатбек Нұртазин, көлік жүргзушісі:

Быт-шытыт шығып жатыр ғой жолдар. Күнде соғады, бампер кетеді, гранат кетеді деген сияқты. Көп жолдарды істеу керек қаланың дейтін. Налог төлеп жатырмыз. Былтыр жөнделген жолдар мысалы, қайта көтеріліп кетіп жатыр.

Әліп Шәкеев, көлік жүргізушісі:

Жүру қиын қазір. Білмеймін, қайда қарап отырғандарын. Әлде технология дұрыс емес пе? Жыл сайын жөндейді ғой осы жолды. Көлікті құртып болды. Көлігім маусымнан маусымға әзер жетеді.

Жауапты мекемелердің мәліметінше, сапасыз жөнделген осындай он көше анықталған. Оның бірі көліктер көп жүретін шаһардағы ең ірі даңғылдың бірі. Бұл көшенің бір бөлігін мердігер мекеме қайта жөндеуі тиіс.

Руслан Төреғали,  қалалық ТҮКШ,  жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары:

Осы көктем кезінде сараптама жүргізіледі. Нәтижесінде 10-нан астам көше анықталды.Бұл мекемелерге нұсқама берілді. Ал, сот жүйесіне келсек, яғни, екі обьект бар.Бұл объектілер 2018 жылы сотқа берілген болатын. Соттан ұтып, ағымдағыжылы күнніңң жылынуына байланыстыөз қаржысымен қайта жөндейтін болады.

Қала билігі биыл жалпы ұзындығы 52 шақырым болатын жол жөнделетінін айтады. Бұл мақсатқа 4 миллиард теңге бөлінген. Сондай-ақ, Арынов көшесіндегі көпір құрылысын аяқтау жоспарланып отыр. Оның құны 2 жарым миллиард теңге. Одан бөлек Сәкібай батыр даңғылы кеңейтіліп, 4 жолақты болмақ.

Жақсыбек КЕМАЛ

Хабарламаларға жазылу