Шағын және орта бизнес дамыса, жұмыссыз жастар саны азаяды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шағын және орта бизнес дамыса, жұмыссыз жастар саны азаяды

05.04.2019

«100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы Ларион Лянның осылай дейді. Оның сөзінше, бүгінгі кезең жұмыс жоқ деп алақан жайып, қол қусырып қарап отыратын уақыт емес. Себебі, әлемде қазіргі жетістіктермен шектелмей, жаңа белестерді бағындыруға бет алған. Сондықтан, көштен қалмаймыз десек, әр азамат қоғамды өзгертуге үлес қосуы қажет. Алғашқы қызметін қоғамдық тазалықтан, яғни көше сыпырып, пәтер тазалаудан бастаған.

Жоғары оқу орнында білім алмаса да  өмірден түйгені көп Ларион Лян «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы атанған. Университеттен тәлім алмадым деп өкінбейді. Себебі, қайшылықты қоғамнан үйренгені аз емес.

 Ларион Лян, «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы, кәсіпкер:

Мен өз кәсібімді ашқанда демейтін аға-көкем болған жоқ. Бастамама ешкім инвестиция құймады. Қарапайым отбасында тәрбиелендім. Алматыда жатақханада тұрдым. Бұл қиындықтар менің тауымды шаққан жоқ. Керісінше, мені шыңдады. Шынын айтсам, алғашқы жұмысты 2000 теңгеге пәтер тазалаудан бастадым.  

Көше сыпырса да ісіне адал болған кәсіпкер қазір тазалық қызметін жаңа деңгейге көтерді. Өйткені, елімізде клинингтік қызметке Еуропа елдеріндегідей сұраныс көп емес. Дегенмен, осы бағыттағы жұмыстарды алғашқылардың бірі болып қолға алған Ларион Лян әр қызметкерден өз ісіне деген адалдықты талап етеді.  

Роза Жалмұрзаева, компанияның аймақтық директоры:

Өзі білмейтінін бізден сұрамайды. Бірақ, білгенінің бәрін бөлісіп үйретіп, көрсетіп соны өзі артынан нәтижесін сұрап отырады. Басшымыз Ларион Викторович – қатал, талапкер. Талабын орындатуды қалайтын адам. Және біз жағдайы төмен отбасыларға көп көмек көрсетеміз.

Клинигтік компания қазір 12 бағыт бойынша жұмыс істейді. Оның алтауы сервистік қызмет болса, төртеуі – өндірістік, ал қалған екеуі – ақпараттық және тасымалдау.  

Ларион Лян, «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы, кәсіпкер:

Өз ісіңе сеніп қиындыққа қарамай алға жылжу керек. Адамдар екіге бөлінеді. Біріншісі, қиындыққа қарамай еңбек етеді. Екіншісі, жұмыс жоқ деп жалқаулығын өзгеден көреді. Біздің қоғамда бірінші топтағы адамдар көбейсе ілгері жылжимыз.

Тынымсыз еңбек етіп «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы атанған Ларион Лян биылғы жастар жылына орай «100 жас кәсіпкердің» өз ісін дөңгелетуге жол ашпақ. Себебі, ғылыми технологияның дамыған заманында жастар өзі секілді қиындық көрмесе екен деп тілейді. Ол өзі жол көрсеткен жастардың алдағы 5-10 жылдың ішінде еліміздің шағын және орта бизнесін жоғары деңгейге көтеретініне сенімді. Сондықтан, оларды үйрету үшін ешқайсынан ақы талап етпейді. 

Нұрлан АСҚАРҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу