Құжаттағы қатенің кесірінен қазақстандықтар жасын, жынысын дәлелдей алмай жүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Құжаттағы қатенің кесірінен қазақстандықтар жасын, жынысын дәлелдей алмай жүр

04.04.2019

Елордалық келіншек ер азаматқа айналып кеткен. Ал, оралдық ер азамат көзі тірісінде қайтыс болған. Бұны мүмкін емес дерсіз. Бірақ құжатта кеткен қателіктен ел тұрғындары осындай мәселеге тап болған. Кеше Мәжіліс депутаты Шәкір Хахазов жеке сәйкестендіру нөмірі дұрыс жазылмай, үйдей мәселеге тап болған азаматтардың қиын жағдайын айтып, депутаттық сауал көтерді. Халық қалаулысы өмір бойына және тек бір рет берілетін бұл сандарды осындай жағдайларда өзгертуге рұқсат беретін заң шығару қажет екенін айтады. Ал, қателіктің нақты қайдан кеткендігін ешкім дөп басып айта алмайды. Құзырлы мекемелер басын алып қашуда.

Қарағандылық Наталья Шубичуктың жасы құжат бойынша 143-те. Алайда, ол рекордтар кітабына енбейді. Керісінше, басы бәлеге қалып отыр. Негізінде Натальяның жасы 43-те. Алайда, құжат үстелінде қателік кетіп, 1875 жылы туған деп жазған. 2004 жылы барлығын ауыстырып, ретке келтірсе де, әлі күнге мәселе сол күйі шешілмеген. Енді өзінің шын жасын дәлелдей алмай, сабылып жүр.

Наталья Шубичук, қала тұрғыны:

- Кейінгі құжаттарымның барлығы да 1975 жылғы деп шыққан. Алайда, биыл жұмыс берушім маған зейнетақы төлемдерін аудара алмады. Себебі терминалдардың барлығында да мені зейнет жасына шығып қойған деп көрсетіп тұр. Мемлекеттік мекемелерге барсам, олар да басын шайқап нақтысын айта алмайды.

Депутат Шәкір Хахазов қателердің кесірінен зейнетақы, мүгедектік бойынша жәрдемақы мен алимент алуда кедергілер туындап жатқандығын айтады. Адамдар айыппұлдарын төлей алмай, сол үшін шетелге шыға алмай жүр. Несие рәсімдеу және пәтер сату да проблемаға айналған.

Шәкір Хахазов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Мәселен, жеке кәсіпкер Еркін Бектенбаев ЖСН-дегі қате цифр үшін өз бизнесін жабуға мәжбүр болды. Жеке куәлігінде 3 санының орнына 2 деп жазылған, яғни жеке сәйкестендіру нөмірі оның туған күніне сәйкес келмейді. Осыған байланысты сатып алулар порталы оны сауда-саттық қатысушысы ретінде тіркемей жүр. Кәсіпкер бірнеше мәрте әділет органдарына оны өзгерту туралы өтінішпен жүгінген, бірақ ондағылар оған заңды күші жоқ қағаз берумен ғана шектелді.

Жеке сәйкестендіру нөмірлерінде кеткен қателердің кесірінен қазақстандықтар жылдар бойы өздерінің жастарын, жыныстарын дәлелдей алмай жүр. Депутаттар Әділет министрлігінен тиісті шараларды қабылдауды сұрап, сауал жолдады. Алайда, Марат Бекетаев проблема басқа жақтан деп есептейді.

Марат Бекетаев, ҚР Әділет министрі:

- Барлық туындайтын мәселелер ЖСН-ге байланысты емес. Олар мемлекеттік қызметке байланысты.

Жеке сәйкестендіру нөміріне қарасақ, онда алғашқы алты санның туған күнімізге сәйкес келетінін байқауға болады. Әділет министрлігі бұл жай ғана біздің бар екенімізді растайтын жеке нөмір екенін айтады. Бұл сандар бізге бір рет қана беріледі. Және өміріміздің соңына дейін өзгермейді. Алайда, бала асырап алған кезде жеке бастың құпиялығы үшін ауыстыруға болады. Ал, енді жүйедегі қателіктің әлегіне түскен азаматтар үшін жуық арада заңға өзгерістер еніп, ЖСН-ді өзгертуге рұқсат берілуі мүмкін. Әзірге олардың мәселелері нақты шешімін тапқан жоқ.

Шерхан ЖАМБЫЛҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу