Баланың билікке базынасы. Өскемендік жасөспірім қала әкімінен ауласын жөндеп беруді сұрады
Өскемендік жасөспірім қала әкіміне бейнешағым жолдап, ауласын жөндеп беруді сұрады. Мектеп оқушысының бұл әрекеті әлеуметтік желіде қызу талқыланып, көпшілік тарапынан қолдауға ие болды.
Мекенжайды айтып, ауланың мүшкіл жағдайын әлеуметтік желіде жақсылап тұрып баяндап берген - Досжан Дулатұлы. «Мақсатым осы аулаға қала басшылығының назарын аудару болды»,- дейді 6-сынып оқушысы.
Досжан Дулатұлы, 6-сынып оқушысы:
- Осылай видео түсіріп, интернет желісіне салдым. Өскемен қаласының әкімі Жақсылық ағайға естірту үшін жібердім. Біздің жанайқайымызды түсінеді деп ойлаймын.
Берік Көшербай, тілші:
- Бұл жердегі үйлер осыдан 50 жыл бұрын салыныпты. Балалардың ойнайтын алаңы да сол кезде жасалған. Одан бері мұнда ештеме жаңармапты, тек осыдан 5-6 жыл бұрын мына екі орындық орнатылған.
Жас баланың сөзіне қариялардың да қосары көп. Айтуларынша, кезінде бұл қаладағы ең үлгілі ауланың бірі болған. Көрші үйлердің бала-шағасы түгел осы жерге жиналып, асыр салатын деп еске алады. Ал, қазір жүдеу тартқан аулада ойын баласын қызықтыратын ештеңе қалмаған.
Жандос Төтебайұлы, қала тұрғыны:
- Балаларды үйде ұстай алмаймыз. Ойнасын деп шығарамыз, мына жерде ойнай алмайды. Басқа аулаға кетіп қалады.
Баланың шағымын биліктегілер ескерусіз қалдырмады. Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар кездесуге арнайы келді.
Шаһар басшысы ауланың жағдайымен танысып, өзімен бірге ерте келген мамандарға тиісті тапсырмалар берді. Кішкентай балаға белсенділігі үшін алғысын айтып, жақын арада бұл аула жөнделетінін айтып, уәде берді. Көршілер де оңтайлы сәтті пайдаланып қала әкіміне шағымын айтып үлгерді.
Дидар Жанабеков, қала тұрғыны:
- Қатты жаңбыр болғанда бұл жер көл болады. Бізге қайық сатып алу ғана қалды. «Маяк» жеке пәтер иелерінің кооперативі өзінің міндетін атқармайды, тек қана ақшасын төлейміз. Олардан ешқандай қайыр жоқ.
Жұмыс істемейтін пәтер иелері кооперативінің төрағасын ауыстыруға кеңес берді деді қала басшысы. Ал, атқарушы билік айтылған арыз-шағымдардың ешқайсын ескерусіз қалдырмайтынын айтты.
Берік КӨШЕРБАЙ
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы