Құтыдағы ұрпақ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Құтыдағы ұрпақ

04.04.2019

Түбін, жеті атасы түгіл, туған әке-шешесін білмейтін ұрпақ өсіп келеді. Өйткені олар донорлардың ұрығынан тараған. Қазақстан заңнамасына сәйкес ұрықтардың иелері жайлы тіс жаруға болмайды. Яғни, есейген соң ол бала биологиялық ата-анасын білгісі келсе де, біле алмайды. Донорлардың көмегімен құтыдан құрсаққа бала салуға сұраныс артып барады. Бүгіндері елімізде жүздеген сәби донорлардан туып жатыр. Өзгенің ұрығына үміт артудың басты себебі – бедеуліктің белең алуы. Сәби сүю - бақыт, әрине. Алайда, донорлықтың арты соқпаққа айналуы мүмкін.

20 жылдық тәжірибесі бар андролог Ақылбек Пішембаев ерлердің белсіздігі белең алып бара жатқанын айтады. Көпшілік қысылып, қашқақтайтын мәселе. Ал, ұрық пен ер адам анатомиясын зерттейтін дәрігердің кабинеті толығымен осы тақырыпта. «Өйткені ұлт пен ұрпаққа келгенде ұятқа орын жоқ»,- дейді ол.

Ақылбек Пішембаев, андролог:

- Бүгінде ер балалар ерте жыныстық қатынасқа түседі. Неше түрлі жұқпалы аурулармен ауырады. Темекі шегіп, дұрыс тамақтанбайды. Мұның бәрі әсер етеді.

Кіндігі кесіле сала дәрі-дәрмектен көз ашпайтын, тағамды талғамай, денсаулығына мән бермейтін ұлдардан ұрпақ өрбуі екіталай. Бүгіндері бедеулік 20-35 жас аралығындағы ер адамдарда белең алып барады.

Бұл жеке клиника ұрық тапсыру, құтыдан құрсаққа бала салуды ұсынады. Елорданың өзінде осындай 10-ға жуық клиника бар. Өйткені донорлық пен ЭКО-ға сұраныс артып жатыр. Әке-донорлардан бөлек, шеше-донорлар да көп.

Донорлар алдымен ондаған анализ тапсырады. Барлық талапқа сай келгендері ғана ұрығын бере алады. Әйелдердікі хирургиялық жолмен алынады. Қауіп жоғары. Сондықтан 2-3 айда бір рет қана және бір баласы бар әйелдерге рұқсат етілген.

Әйел ұрығы жылы жерді жақсы көреді. +37 градус және 90 пайыз ылғалдылық қажет.

Келіншектер бір рет донор болғаны үшін 300 мың теңгеге дейін алады екен. Ал, ер адамдардікі 10 есе аз бағаланады.

Ер адамдарға мына кабинет бөлінген. Олардың ұрықтары, керісінше, суықты қажет етеді және азот ішінде жылдап сақтаулы тұра береді. Мына құтыда - жақында ғана Татарстаннан әкелінген эмбриондар.

Тұрақты екі қазақ доноры да бар. Олардан бір бала бар және екі әйелдің аяғы ауыр. Ал, Татарстаннан әкелінген эмбрион иелері жайлы ақпарат арнайы альбомда. Көзі, бойы, туған жылы сияқты мәліметтен бөлек қолжазбасы, тіпті, бала кездегі суреті бар. Болашақ ата-ана, не жалғызілікті әйел осыған қарап таңдайды. Ал, қазақтар бұдан бөлек, шыққан түбіне де мән береді.

Рулары көрсетілгенімен, аты-жөнін ашу елімізде заңмен тыйым салынған. Өйткені донорлардың өздері қарсы. Сондықтан ұрығын қолданғандар да олардың кім екенін біле алмайды.

Ана мен бала орталығы донорлар көмегіне 12 жылдай жүгініп келеді. Жыл сайын 20 бала белгісіз әке мен шешеден туады. Ал, 12 жылда туғандар саны 200-ден асып кетті.

 Альбина Әшім, тілші:

- Жеке клиникаларда эмбриондарды эвакуациялау жоспары жоқ. Ал, мында эмбриондарды адамға теңейді екен. Міне, мына жерде донорлардың ұрықтары сақтаулы тұр. Дәрігерлер ақырын сөйлеу керек екенін айтады. Өйткені эмбриондарға қатты дыбыстар әсер етуі мүмкін.

Британиялық биолог Бертольд Визнердің 40-шы жылдары ашқан клиникасында 1500 бала құтыдан шыққан. Ал, оның жартысына жуығы ғалымның ұрығынан. Визнер әйелдерден жасырып, өз шәуітін қолданған деседі. 7 жыл бұрын Тұманды Альбионда осындай шу шықты. Ал, Қазақстанда жүгенсіз кеткен донорлықтың дауға әкелмесіне кім кепіл?

Қайрат Жолдыбай, дінтанушы:

- Ертең сол ұрығынан, кіндігінен пайда болғандар бір-бірімен білместікпен үйленіп жатуы мүмкін. Бұл - харам нәрсе.

Мұны да жоққа шығара алмаймыз. Өйткені елімізде донорлардың ортақ базасы жоқ. Демек, оларды қадағалау да мүмкін емес.

Балалардың белде емес, құтыда болуы болашақта қалыпты жағдайға айналады. Дәрігерлер донорлық - заман талабы екенін айтады.

Құтыдан шыққан ұрпақ құжынаған халықтың ішінен өз бауырына кездесіп, отау құрып қалмас үшін заңға ғана емес, менталитетке де өзгеріс керек. АҚШ-та донорлық балалар 18 жастан соң, олардың аты-жөнін біле алады. Ал, Қазақстанда жұптар көбіне-көп баланың өзгенің ұрығынан екенін ұялып, жасырып жүреді. Тіпті, балалардың өздері де бейхабар. Сәби сүйгісі келген ерлі-зайыптылар бүгінгі бақыты үшін кез келген тәуекелге барып жатыр. Бірақ құтыдағы ұрпақтың тұтас ұлттың болашағына балта шабуы мүмкін екенін ойлана бермейді.

Альбина ӘШІМ

Хабарламаларға жазылу