Өңірдегі елді мекендердің 60 пайызға жуығы сапалы тіршілік нәріне зәру. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет құрамымен өткен жиында 2020 жылға дейін ауызсу мәселесін шешуді тапсырды. Жүктелген міндет Батыс Қазақстанда қалай орындалып жатыр?
Ардақ Мұратқызы, тілші:
- Шекарада жатқан Шоңай ауылы ауызсу тасымалдап ішіп отыр. Арнайы көлік үй-үйді аралап, мынадай құдықтарға су құяды. Кейбірі суды құдықтан қауға шелекпен, ал кейбірі мынадай электр тоғы арқылы мотор қосып, қолданып отыр.
Хазима Әнесова, Шоңай ауылының тұрғыны:
- Суымыз ащы. Соны ішіп жатырмыз. Басқа таңдайтын жоқ.
Нұрлан Рақымжанов, Бөкей ордасы ауданының әкімі:
- Биыл 4 ауылға су келеді. Шоңай ауылына қаржы қарастыруды жоспарлап отырмыз. Мұратсай ауылына да. Екі ауылға байқау шаралары аяқталды. Екі мердігер анықталды.
Ардақ Мұратқызы, тілші:
- Облыс халқының 60 пайызға жуығы сапалы ауызсуға жарымай отыр. Бірі тасып алып, енді бірі сатып алып ішеді. Ал, кейбір ауылдар әлі күнге дейін, міне, мынадай кермек сумен күнелтіп отыр.
Гүлбану Әбдіғалиева, Сырым ауданы Шағырлыой ауылының тұрғыны:
- Су уақытпен беріледі. Сағат 07:30 бен 12:00 аралығында. Соған дейін алып үлгеруіміз керек.
Ардақ Мұратқызы, тілші:
- Талай жыл тіршілік нәрінен тапшылық көріп келе жатқан аудандардың бірі – Жаңақала еді. Енді, міне, Құлшық құмынан құбыр тартылып, 8 елді мекенге таза ауызсу келді. Бұрын жаңақалалықтар өзеннен су алған болатын. Ал, қыста су тартылған кезде қарды да ерітіп ішкен кездері болған.
Алтынбек Қайсағалиев, облыстық Құрылыс басқармасының басшысы:
- 16 мың халық тұратын Жаңақалаға су барды. 2018 жылы 200 елді мекен ауызсумен қамтылды. Кейбір ауылдық елді мекендердің сумен қамтылмауы себебінің бірі – жерасты су көзінің болмауы. Екіншіден, сапасының төмендігі. Үшіншіден, су көзінің қоры өте төмен.
Ардақ Мұратқызы, тілші:
- Облыста 441 елді мекен бар. Қазір солардың 45 пайызы орталықтандырылған су жүйесімен қамтылған. Алдағы екі жылда тағы 30 ауылға сапалы ауызсу тартылып, бұл көрсеткіш 50 пайызға жетеді. Ал, қалған 200-дей шағын ауылға мынадай қондырғылар орнатылып, су көзінің баламалы түрі қолданылады.