Қазақстан астығына сұраныс артты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан астығына сұраныс артты

04.04.2019
Қазақстан астығына сұраныс артты

Қазақстан астығына сұраныс артып, баға өсті. Грузия, Әзірбайжан және Иран сияқты мемлекеттерге экспорт қайта жанданды. Енді еліміз үлкен нарықтарға ену үшін келіссөздер жүргізіп жатыр. Негізі бидай өндірісі - ауыл шаруашылығындағы ең берекелі саламыз. Соны сақтап қалу жолында қандай жұмыстар қолға алынды? KazGrain-2019 халықаралық конференциясынан Нысаналы Ығыл тарқатады.

Астық алқаптарының аумағы азайтылуда. 2011 жылға қарағанда былтыр егістік 2,4 млн гектарға кеміді. Дегенмен, өндіріс көлемі еселі. Өйткені жердің жүйелі игерілуіне көңіл бөлінген. Нәтижесінде соңғы 5 жылда өнім 1 млн тоннадан асты. Ал босаған алқаптар басқа ауыл шаруашылығы дақылдарына пайдаланылып жатыр.

Біздің бидайымыздың сатылуы да жақсы. Ұнды қоса алғанда экспорт 11 млн тоннадан артық тасымалданған. Сұраныстың артуына әлемдік бидай өндірісінің төмендеуі себеп. 

Гүлмира Исаева, ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары

- Бірақ бидай мен ұн экспорттауды қою керек. Қымбатырақ, сұранысқа ие өнімге көшуіміз тиіс. Мысалы, Иран крахмал, глютенді алуға дайын. Бұл қоспалар кондитерлік өнеркәсіпте пайдаланылады. Кәсіпкерлеріміздің осы жағына ауысқаны дұрыс. Қазір елімізде бидайды терең өндеу бойынша үш жоба жүзеге асырылып жатыр. Мұның игілігін көреміз.

Иә, өнімді түрлендіріп өткізу – берекелі сауданың кепілі. Дегенмен, әзірге әртараптандыру жолына жүйелі түспегенмен, Орталық Азия елдеріне бидай жіберіліп тұр. Ал Қытайға астықты қаппен ғана емес, үлкен көлемде жөнелту үшін келіссөздер жүріп жатыр. Тек Ресейге тасымал аз. Керісінше, ол жақтан импорт жоғары екен.

Дей тұрғанмен, бидай өндірісі Ресей және Украинада да азайған. Отандық сарапшылар мұны жақсылыққа балап отыр. Яғни, олардың тұтынушылары бізге ауысады. Ал саны мен сапасы жағынан салыстырмалы түрде жоғары түсетін Қазақстан астығының экспорты артып, бағасы өседі.

Нысаналы ЫҒЫЛ

Хабарламаларға жазылу