Басты Жаңалықтар Екібастұзда жас кәсіпкерлер еттен жасалатын ұлттық тағам өнімдерін шығарады

Екібастұзда жас кәсіпкерлер еттен жасалатын ұлттық тағам өнімдерін шығарады

Жастар жалындайтын жыл. Екібастұз қаласының жастары бір-біріне осындай үндеу жариялады. Ең бастысы мұны тек сөз жүзінде қалдырмай нақты іспен дәлелдеуге кірісті. Бірі өнерде, енді бірі өндірісте, басқалары кәсіп ашып, барлығы дерлік бірегей жобаларды іске асыруға көшті. Яғни, Жастар жылында елдің жүгін өрге сүйрейтін күшке айналды. Тіпті, бизнестің «жілігін шағып, майын ішкен» кәнігі кәсіпкерлердің өзі бара бермейтін саланы дөңгелетіп жатқандар бар.

Нұрсұлтан - Лондон университетінің түлегі. Ал, Қадыржан - PhD докторы. Азық-түлік өнімдері технологиясы бойынша қорғаған диссертациясы енді нақты іске бастады. Қазір олар өндеу цехын ашып, еттен жасалатын ұлттық тағам өнімдерін шығарады.

Нұрсұлтан Ибраев, жас кәсіпкер:

- Біздің Елбасымыз ауыл шаруашылығының дамуына, агроөндірістің өркендеуіне, шағын және орта бизнестің алға жылжуына ерекше басымдылық берді. Субсидия, дотация бөлінді. Міне, соны ұтымды пайдалану үшін мен «Атамекен», «Даму» қоры арқылы бағдарламаларға қатысып, біраз қаржы алдым. Қазір Павлодар, Екібастұзда ғана емес, Нұр-Сұлтан қаласының нарығына да шығып жатырмыз.

Менеджмент, технология, сапа - Еуропанікі. Ал, шығарылатын өнімге қазақы дәм ғана тән. Сондықтан бәсекелестікке қабілетті. Қазір кәсіпорында 20-ға тарта адам жұмыс істейді.

Етті кластерлік жүйемен өндіретін бұл - Екібастұздағы алғашқы кәсіпорын. Нұрсұлтан Ибраев ірі қара және жылқы түлігін өзі өсіреді. Жас кәсіпкер өндіріс пен ғылымды ұштастыру арқылы ғана табысқа кенелуге болатынын жете түсінген.

Бұл көзқарасы әлемдік нарыққа бейімделген жастардың, ұлттық үлгімен өнім шығаруға ұмтылған бастамасы. Олар жаңашыл жобаның жемісті болатынына сенімді.

Болат АМАНБАЕВ

Бөлісу