Арқалық ет комбинаты өнімдерін экспортқа шығаруға мүдделі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Арқалық ет комбинаты өнімдерін экспортқа шығаруға мүдделі

02.04.2019

Бұл кәсіпорын Қостанай облысының оңтүстігіндегі шаруалардың сұранысына сай салынды. Себебі негізінен төрт түлік өсіретін өңірде бұған дейін ет өткізетін орын болған жоқ. Жаңа комбинат сонымен қатар Ақмола, Қарағанды облыстарының Арқалықпен шектесетін аудандарын қамтитын болады.

Жаңа кәсіпорында 5 ай ішінде 100 тоннадай ет өңделіпті. Қазіргі кезде шұжықтың 12 түрін, консервіленген өнімнің 3 түрін шығарады. Алдағы уақытта бұлардың қатарын көбейте түсу жоспарда бар. Әзірге дайын өнім ішкі нарықтың қажетін өтеп отыр. Ендігі меже – экспортқа шығу.

Қайрат Жиенбаев, ет комбинаты директорының орынбасары:

- Қазір, міне, Қостанайға, Астанаға шығып жатырмыз. Одан кейін Ресейден келіп, өздері әкетіп жатқандар бар.

Жобаның жалпы құны - 2 млдр теңге. Комбинат толық қуатына енгенде 120 адамды тұрақты жұмыспен қамтиды. Тәулігіне 10 тонна өнім өндіреді. Қазірдің өзінде бұл меженің 80 пайызына жетіп отыр. Төскейінде төрт түлік өрген өңірде өңдеуші кәсіпорынның ашылуы мал шаруашылығын өркендетуге серпін беруі тиіс. Жергілікті жұрт содан үмітті.

Биыл ет комбинатының қасынан 3 мың ірі қараға арналған бордақылау алаңын салу жоспарланған. Бұл кәсіпорынды тұрақты түрде сапалы шикізатпен қамтуға жол ашады.

Дәуренбек ӘБДІБЕК

Хабарламаларға жазылу