Қарағанды облысындағы Самарқанд су қоймасының түбінде орналасқан Садовое және Чкалов ауылдары қатаң бақылауда. Себебі қоймадан су жіберілуде. Жіберілген су Нұра өзеніне құяды. Қос ауыл соның жағасында. Жылда көктемде бұл елді мекендерді су шайып, тұрғындарды эвакуациялайтын. Былтыр екеуінің де маңына бөгеттер мен жалдар салынды. Қазір жағдай қалыпты, тұрғындар көшірілген жоқ.
«Алайда, алаңсыз қол қусырып қарап отыруға болмайды»,-деді жағдайды бақылауға келген облыс әкімі Ерлан Қошанов. Себебі, Нұра өзеніне құятын Ащы су, Шешенқара аймақтарындағы бастаулардан да су келеді деп күтілуде. Сондықтан, Самарқанд қоймасынан алдын ала 690 текше метр мөлшерінде су жіберіліп жатыр. Себебі, артық су жиналып қалса, шлюзден 1200 текше метрге дейін ағызуға тура келеді. Ал, мұндай қарқынға Садовое мен Чкаловтағы бөгеттер шыдас бермей, ернеуінен асып кететіні сөзсіз.
Қазір елді мекендер басында Төтенше жағдайлар қызметі мен әскерилер күндіз-түні бақылау жүргізуде. «Жалпы, облыстағы жағдай тұрақты»,-деді өңір басшысы.
Ерлан Қошанов, Қарағанды облысының әкімі:
Су тасқыны қаупі бар жерлер Садовое, Чкалов ауылдары. Екеуі де мына Самарқанд су қоймасының түбінде орналасқан. Міне, сондықтан, бұл жерлерді біз ерекше назарда ұстап отырмыз. Самарқандтан 600 текше метрден аса су осында кетіп жатыр. Бұл одан да көбеюі мүмкін. Қоршаған жалдар, бөгеттер бар. Жылда осы ауылды су алып кететін. Биыл сақтап отырмыз.
Руслан НҰРЛАНҰЛЫ