Ойылда балық өлекселері табылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ойылда балық өлекселері табылды

01.04.2019

Жайықта қырылған балық мәселесі бәсеңсігендей болғанда, тағы бір жайсыз хабар келді. Бұл жолы Жайықта емес, Ойылда балық өлекселері табылды. Нақтырақ айтсақ, Қызылқоға аудандағы Жасқайрат ауылдық округіне қарасты Көкмешіт және Ақтөре жайылымдық аумақтарындағы өзен сағасында анықталған.

Балықтардың  қырылғаны мұз ерігеннен кейін жағаға шығып қалған кезде ғана байқалған. Бүгінде балықтар жиналып, өлекселер полигонда өртелді. Бұл іске 70-ке жуық ерікті қатысты. Жағадан 5 тонна мөңке балығы жиналған.  Ойылдағы ақ маржандардың не себепті қырылғаны әзірге белгісіз. Ол лабораториялық зерттеуден кейін ғана белгілі болады. 

Нариман Жүнісов, ҚР АШМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасы орынбасарының міндетін атқарушы:

Бұл жағдайды Жайықтағы болған оқиғамен байланыстыруға болмайды. Өйткені, Ойыл өзені Каспий теңізімен Жайық өзенінен алшақта орналасқан. Балықтың не себепті қырылғаны әлі де тексеріледі. Бірақ, алдын ала болжам бойынша, су маржандары оттегі жетіспеушілігінен қырылған.

Ал, Жайық өзенінде балықтардың қырылу фактісі былтыр желтоқсаннан бастап тіркелді. Сол уақыттан бері 119 тоннаға жуық балық қырылған.

Сәкен Ділдахмет, ҚР АШМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз хатшысы:

Бүгінгі таңда екі қылмыстық іс қозғалды. Республикалық-ветеринарлық лаборатория, сонымен қатар, Экология комитеті тарапынан судың, балықтың сынамалары алынып, зерттелуде. Не себепті қырылғаны қылмыстық іс аяқталғаннан кейін белгілі болады. Атырау су арнасында судың хлоридтігі көп екені анықталды.

Мамандардың сөзінше, Ойылдағы жағдайдың Жайықта қырылған балықтарға қатысы жоқ. Өйткені,  бұл Атырау облысында орын алған жағдай. Сондай-ақ, Ойыл балық шаруашылығына арналмаған өзен. Қалай болғанда да мамандар «балықтардың жаппай қырылуы экожүйенің бұзылуына кері әсерін тигізеді», деп алаңдап отыр. 

 

Фариза МҰСАҚЫЗЫ

Жандос ТЕМІРҒАЛИЕВ

Хабарламаларға жазылу