ШҚО: Бесқарағай ауылындағы бірнеше көшені су басып қалды
Шығыс Қазақстандағы Бесқарағай ауылындағы бірнеше көшені су басып қалды. 80-нен астам үйдің ауласы қазір көлкіп жатыр. Мамандар «бұл ауыл жанындағы көлшіктердің деңгейінің күрт көтерілуінен болды», деп отыр. Ал, тұрғындардың айтар уәжі басқа.
Ержан Жақып, тілші:
Қазір ауылдағы көрініс осы. Бірнеше көшеге су жайылып, тіпті үйлердің ішіне дейін кіріп кеткен. Сондықтан, тұрғындар қауіпсіз жерлерге көшіріліп жатыр. Ылғалға шыдас бермей құлап қалған баспаналар да бар.
74 жастағы Мария Храмованың үйінің қабырғасы екі күн бұрын құлап қалған. Баспана тұруға жарамсыз. Саманнан салынған қабырға опырылып түскенде қария далада болыпты.
Мария Храмова, Бесқарағай ауылының тұрғыны:
Даладан кірген бетте, қабырға құлап түсті. Мен шошып кеттім. Бұлай болады деп ойламадым. Қазір уақытша баспана берді.
Қалт-құл етіп құлағалы тұрған тағы бірнеше үй бар. Іргелері езіліп, ішінде су шылқып тұр. Әкімшілік ондай баспанадағыларды уақытша көшірген. Ауыл халқы алаңдап отыр. Өйткені, судың осылай жайылуы бірінші рет емес. Мамандар мұның себебін жерасты суларымен байланыстырса, тұрғындар басқаша топшылайды.
Әкімшілік өкідері қазір қолдан келгенше қам-қарекет жасауда. 10 отбасы уақытша баспаналарға көшірілген. Арнайы бөгеттер құрылып, 90 мың текше метр су сорылыпты. Алайда жағдай әлі тұрақталған жоқ.
Дәулет Батырбаев, Бесқарағай ауданының әкімі:
Су басқан аумақта 84 үй бар. 51 үйдің еденінің астына дейін көтерілген. 5 үйдің ішінде су іркіліп тұр. Арнайы комиссия аумақты зерттеп шықты. Судың кей жерлерде 50, кей жерлерде 35 сантиметрге дейін көтерілгендігін анықталды. Қазір арналарды бұрып бекітіп жатырмыз.
Тұрғындардың шығынын алда арнайы комиссия анықтайтын болады. Қазір нақты қанша үй апатты жағдайда тұрғаны белгісіз. Бесқарағайлықтар биліктен табиғи сипаттағы төтенше жағдай жариялауды сұрап отыр. Өйткені, бүлінген баспана мен кеткен шығынның өтеуін ала алмай қаламыз ба деп алаңдайды.
Ержан ЖАҚЫП
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
