«Másele». Арзан күлкімен көптің миын улаған вайнерлерді жазалайтын жаңа тәртіп табылды
«Адамдар өздеріне байлық пен атақты қалайды. Егер осы екеуіне адал жолмен қол жеткізе алмасаңыз, олардан аулақ жүргеніңіз дұрыс». Бұл Конфуцийдің сөзі. Аттақұмарлардың тағы бір тобын айтайық. Олар төсбелгіні сатып алмайды, ғылыми дәрежесін саудаға салмайды. Олар мынадай қысқа бейнежазба түсіріп әлеуметтік желіге жібере қояды. Бітті. Ал желіге желімдей жабысқан жас пен жасамыс соны жапатармағай қарайды.
Олар тырнақшаның ішіндегі бұл «туындыларын» вайн дейді, өздерін вайнер дейді. Енді мына қызықты қараңыз. Әлгі вайнермін деп жер-көкке сыймай жүргендер негізінен 1 минуттық жазбалар түсіреді. Оны әлеуметтік желінің көшбасшыларының бірі инстаграммға жүктейді. Осыдан шығатын қорытынды, біздегі камера алдында майысып, сүйкімді-сүйкімсіз қылықтар жасайтындар вайнер емес. Неге дейсіз ғой?
Өйткені, вайн деген бейнежазба өте қысқа болу керек. Ең ұзағы 20 секундтан аспауы тиіс. Бұл бір. Екіншіден түсірілген дүние Vine деп аталатын қосымшаға жүктелуі шарт және ол жерде интернет әдебі қатты қадағаланады. Біздегі кей пысықтар сынды аузына ақ ит кіріп, көк ит шыққандарға ол қосымшада көрермен жинау қиямет. Әлемдегі вайнерлердің көшін KingBach бастап тұр. 12,1 миллион оқырманы бар. Екінші сатыда Nash Grier, 11,6 миллион көрермен тіркелген. Үшінші орында 9,1 миллион оқырманмен Brittany Furlan тұр.
Айтпақшы, интернеттің инесіне отырғандардың есебінен көрермені көбейген пысықтар қазір жарнамадан тәп-тәуір ақша табатын болған. Бірақ, ел қатарлы салық төлеп, заңның дегенінен көнгендері көп емес екен. Ол ол ма, астарлап айтатын әзіл мен қағытпа қалжыңның құнын құртқандарға сақа сатириктердің де өкпесі қара қазандай. Тізгін Назым Қайратта...
Назым ҚАЙРАТ
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы