Басты Жаңалықтар Қостанайлық кәсіпкер ауылдастарына құны 100 млн теңге болатын ғимаратты сыйға тартты

Қостанайлық кәсіпкер ауылдастарына құны 100 млн теңге болатын ғимаратты сыйға тартты

Атымтай жомарт Қостанай облысының Қарасу ауданында тұрады. Бұл ауданның 80 жылдығына тамаша тарту болды.

Дәуренбек Әбдібек, тілші:

- Жергілікті кәсіпкер қарасулықтарға тарту еткен ғимарат - осы. Бұл нысан бастапқыда балабақша ретінде салынған. Кейін қаңырап бос қалған кезінде кәсіпкер сатып алып, мейрамхана мен қонақүйге айналдырыпты. Яғни, осылайша оны бұзылып, талан-таражға түсуден сақтап қалған. Енді алдағы күзден бастап ғимарат қайтадан балабақша міндетін атқарады. Мысалы, мына жерде кең ойын алаңы немесе жатын бөлмесі болады.

Ғимарат аумағы 1000 шаршы метрден асады. Қазір жөндеу, қайта жаңарту жұмыстары жүріп жатыр. Оған қажетті 13 млн теңгені де жергілікті кәсіпорын бөлген. Қарасу кентінде күні бүгінге дейін 150 орындық жалғыз балабақша болды. Ал, аудан бойынша кезекте тұрғандар саны жүзден асады.

Светлана Циммер, Қарасу аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы:

- Салынып біткен соң мұнда бұрынғы балабақшадан екі ересектер тобы келеді. Сонымен қатар, мектепалды даярлық сыныбының да екі тобын осында орналастырамыз. Сөйтіп бұрынғы балабақшадан тағы екі кішілер тобын ашуға мүмкіндік туады.

Даярлық тобы жаңа нысанға көшірілген соң, мектептің де бөлмелері босап, пәндік сыныптар жабдықталады. Сонымен мұнда төрт топ, яғни 96 балдырған тәрбиеленетін болады. 30 адам жұмыспен қамтылады. Балабақшаның ашылуын асыға күтіп жүргендердің бірі - Айдана Бөлтірікова. Қарасуға былтыр жолдамамен келген жас маман, жастардың ауылға тұрақтауына мұндай игілікті істердің тигізер әсері мол екенін айтады.

Айдана Бөлтірікова, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі:

- Жас ата-ана ретінде өте қуаныштымыз. Себебі бұл ауылда бала көп. Мұндай заманауи балабақшалардың ашылуы жас маманның алаңсыз жұмыс істеуіне жағдай жасайды.

«Рухани жаңғыру» аясында биыл ауданда тағы 10 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Яғни, көшелер көркейіп, жарық тартылады, балалар алаңдары салынады. Қарасу өңірінің перзенттері 80 жылдық торқалы тойға осылайша қомақты сый жасамақ.

Дәуренбек ӘБДІБЕК

Бөлісу