Қарағанды облысының кейбір ауылын қазірдің өзінде су басып жатыр. Синоптиктер ауа райының жылынуына байланысты алдағы күндері қар күрт еритінін хабарлады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көктемгі су тасқынының алдын алу үшін Үкімет пен әкімдерге нақты тапсырмалар жүктеген болатын.
Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданына қарасты Ақтүбек ауылындағы бірнеше үйді су басты. Тұрғындардың айтуынша, жергілікті билік пен төтенше жағдай қызметі бұл жағдайдан бейхабар.
3 күн бұрын даладан келген қызыл суды жұрт өз күштерімен бөгеуге тырысқан. Алайда, шеткі көшедегі үйлерге кіріп, айтарлықтай шығын келіпті. Дүние-мүлік су болып, қорада мал қалып қойған. Адам шығыны жоқ. Судың деңгейі бүгін таңертең түсіпті.
Ал, Павлодар облысында су жайылуы мүмкін деген 14 елді мекен ерекше бақылауға алынды. Бірақ аймақта биыл қар аз болғандықтан, қауіп сейілді. Әсіресе, Қарағандыдағы Ақжар тас бөгетінен таситын топан судың алдын алу шаралары нәтижелі.
Ақмола облысының 5 ауданын су басуы қаупі әлі бар. 45 елді мекен аса қауіпті аймақта орналасқан. Мамандардың айтуынша, биыл облыстағы ірі өзендердің барлығында су қалыпты мөлшерден асады. Жер бедерінің 90 пайызында әлі қар жатыр. «Қазгидромет» мамандарының мәліметінше, соңғы он күнде Ақмола облысында қар қарқынды түрде ери бастайды. Ең қауіпті кезең - сәуірдің 5-і мен 10-ы аралығы. Азаматтық қорғаныс саласындағы қызметкерлер күшейтілген режимде жұмыс істеуге көшті. Арнайы жедел топтар құрылған.
Шығыс Қазақстандағы Бесқарағай ауылын да су басты. Қардың күрт еруінен елді мекен жанындағы көл арнасынан асып, 10-нан астам үйдің ауласына су жайылған. Бірнеше баспананың ішіне де кіріп үлгерген. Қазір Семей мен Өскеменнен келген Төтенше жағдай қызметінің мамандары су арнасын бұру, жағалауды бекіту жұмыстарын үздіксіз жүргізіп жатыр. Жедел штаб құрылған.
Батыс Қазақстанда 20 елді мекенді су басуы ықтимал. Өзендердегі су деңгейі сәуір айының алғашқы онкүндігінде көтеріледі деп болжанып отыр. Өйткені синоптиктер ақпанда өзен-көлдердегі ылғал қоры 50-100 пайызға жоғары болғанын айтады. Қар 3 есе көп түсті. Қазір мамандар тәулік бойы жұмысқа кірісті. Көктемгі су тасқынына қарсы шараларға 885 млн теңге бөлінді. Облыс бойынша 50 эвакуациялық қосын дайындалған.
Былтыр елдің 5 өңірін тасқын су басқан болатын. Салдарынан 1,5 мыңнан астам тұрғын үйді су шайып, бүлінген еді. Биыл да қызыл судан қауіп жоғары.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Үкімет пен әкімдер көктемгі су тасқынының алдын алу жолдарын қарастыру керек. Бақылау күшейтілсін. Су қоймалары мен өзендердегі су деңгейін үнемі қатаң қадағалауда ұстап, қауіпті болдырмау жолдарын қарастырыңыздар.
Елдегі барлық қауіпті аймақ қазір қатаң бақылауға алынды. Төтенше жағдай орын алған жағдайда қажетті техника мен мамандар толықтай дайын отыр.
Руслан НҰРЛАНҰЛЫ