Алматыда қоғамдық көлік жүргізушілерінің айлығы енді қанша сағат жұмыс істегендеріне байланысты төленеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда қоғамдық көлік жүргізушілерінің айлығы енді қанша сағат жұмыс істегендеріне байланысты төленеді

29.03.2019

Ісіне ұқыптыларға қосымша сыйақы беріледі. Ал, тәртіп бұзғандар қара тізімге ілігіп жатыр. Қазір сол тізімде 1300-ден астам жүргізуші тұр. Егер олар тәртіптерін түземесе, жұмыстан шығып кетулері де мүмкін.

Көлік мамандарының біліктілігін арттыру орталығы жүргізушілердің ортақ базасын жасаған. Мұнда қазір 3416 жүргізушінің жұмыс орны, еңбек өтілі туралы мәліметтер бар. Порталдан олардың айыппұлдары мен жолаушылардың пікірлерін көруге болады. Түрлі категория бойынша жүргізушілерге балл беріліп, автоматты түрде рейтинг жасалады. Төмен ұпай жинағандар қара тізімге ілігеді.

Автоматты жүйе автобус паркінің директорларына да тиімді. Өйткені олар қаладағы барлық жүргізушілер туралы ақпаратты осы жерден біледі. Өз жүргізушілерінің қай деңгейде екендігін бақылайды.

Игорь Жгилев, автобус паркінің директоры:

- Бұл бағдарлама жүргізушілерді таңдау ісін толықтай автоматтандырды. Мәселен, біз жұмысқа адам алу үшін күніне 200 адаммен кездесіп, уақыт жоғалтқан күндер болды. Ал, қазір бар мәліметті ортақ базадан көріп отырмыз. Менің паркімде 100-ден астам жүргізуші жұмыс істейді. Әзірге ешқайсысы қара тізімге ілінген жоқ.

Алдағы уақытта жүргізушілердің базалық еңбекақысын бірыңғай есептеу әдісі арқылы төленбекші. Яғни, айлық көлемі қанша уақыт жұмыс істегеніне байланысты болады. «Бұл жүргізушілер үшін тиімді»,-дейді мамандар. Өйткені осы арқылы әрқайсысының 198 мың теңге айлық алуларына мүмкіндік бар.

Тәртіпті түзеу ісіне сәйкес, биыл 415 адам қайта оқудан өткен. Сонымен бірге, 2110 жүргізуші жолда жүру мен жолаушыларды тасымалдау ережелері, алғашқы медициналық көмек көрсету деңгейі бойынша тест тапсырған.

Аманкелді СЕЙІТХАН

Хабарламаларға жазылу