Қайта түлеген қос ауыл
Елбасы қамқорлығының арқасында қайта түлеген қос ауыл. Осыдан тура 9 жыл бұрын Шығыс Қазақстанның Тарбағатай ауданында Көкжыра және Жәнтікей ауылы тасқын су астында қалған. Кейін Тұңғыш Президенттің пәрменімен екі елді-мекен жаңадан салынды. Аз уақытта қайта түлеп, көрікті мекенге айналды. Бүгінде тасы өрге домалаған Жәнтікей мен Көкжырадағы ел-жұртпен осы өңірдегі тілшіміз Берік Көшербай кездесіп қайтты.
Көкжыра ауылы 2010 жылдың наурыз айында тасқын судан қатты зардап шекті. Айтып келмейтін апат салдарынан халық бір сәтте баспанасынан, дүние-мүлкінен, қорадағы малынан айырылып қалды. Сын сағатта Елбасы жағдайды өзі бақылауына алып, қамқорлық танытты. Мұнда 210 үй салынды. Президент Тарбағатайға арнайы келіп, жаңа баспананың кілтін өзі табыстаған.
Ғабдылмәнен Омаров, Көкжыра ауылының тұрғыны:
Ана жерден кіргенде өзім қарсы алдым, үйдің есігін ашып кіргіздім. Ол жақта анам отырды, сол кісіге барып амандасты, әңгімелесті. Үйімізбен құттықтап, сыйлықтарын табыстады, үйдің кілтін берді. Үй жақсы, кең, мерекелі-берекелі болды.
Көкжырамен бірге Жәнтікей ауылы да толық жаңарды. Тасқынға тап болған ауылда 191 үй жаңадан бой көтерді.
Тыныштық Айтжанова, Жәнтікей ауылының тұрғыны:
Қалай десек те, Елбасымыздың арқасы. Тікұшақпен келіп, көріп, жағдайды жасап кетті. Мектеп салып берді балаларымызға. Тасқын кезінде мектепте 180 оқушы болса, қазіргі таңда 234 бала оқып жатыр. Бұл ауыл өсті, өнді, жаңарды.
Осылай Елбасы қамқорлығының арқасында қос ауыл қайта түледі. Үй іші жанға, қора малға толды. Ауылдағы көпбалалы аналарға қамқорлық көрсету осы күнге дейін үзілген емес. Мысалы, Наурыз мерекесі қарсаңында Көкжыра ауылында 9 баласы бар отбасы баспаналы болды.
Гүлмира Мұқаева, «Алтын алқа» иегері:
Бәріміз қуанып жатырмыз. Күйеуімнің де туған күні бүгін. Осындай баспанаға ие болдым, қуашымда шек жоқ. Бала-шағамен қуанып жатырмыз.
Бүгінде екі ауылда да барлық әлеуметтік нысандар бар. Шағын және орта бизнес, ауыл шаруашылық саласы жақсы дамыған. Ең бастысы, табиғи апат шарпыған шалғайдағы ауыл халқының Елбасына деген алғысы да, құрметі де шексіз.
Берік КӨШЕРБАЙ
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы