Елорда – елбасы жігерінің жеңісі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елорда – елбасы жігерінің жеңісі

28.03.2019

Елорданың Нұр-Сұлтан болып өзгеруі – ұрпаққа өнеге. Себебі, дамудың дара жолын таңдаған Елбасы, соңынан елді ерте білді. Халқының қамы үшін тыным таппайтын ұлы тұлғаның еңбекқорлығының нәтижесінде Қазақ елі үлкен белестерге жетті. Нұрсұлтан Назарбаевтың ізімен жүрген жастар адаспасы хақ. Осылай деген аға буын, Астана атауының өзгергенін – Елбасының еңбегіне берілген баға деп отыр. 

1997 жылы 10 желтоқсан күні елорда ресми түрде Алматыдан Ақмолаға көшірілді. Ал, бір жылдан соң Президенттің Жарлығымен Ақмоланың атауы Астанаға өзгертілді. Сөйтіп, аз уақытта елорда аз уақытта қазақтың брендіне айналды.

Әміржан Әлпейісов, қалалық қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы:

Астана қаласының елорда болғаннан кейінгі бірден Астана емес, Нұрсұлтан болсын деп кезінде Ақселеу Сейдімбек ағамыз айтқан болатын. Одан бері қанша жыл уақыт өтті. Дегенмен, тарихи сәт енді келген сияқты. Себебі, Президент өз лауазымын тоқтатқаннан кейін сол мәселе қайта күн тәртібіне қойылып, іске асып жатыр.

Астана – қазынаға қыруар қаржы құятын донор шаһар бүгінде. Шетелден тартылған инвестиция көлемі жағынан Қазақстан ТМД елдері арасында көшбасшы мемлекет. Әлбетте, бұған елдегі тұрақтылық ықпал етіп отырғаны сөзсіз.

Серік Сұлтанғали, «Бірлік» саяси партиясының төрағасы:

Болашақта Нұрсұлтанның атымен аталған қалаға бүкіл әлемдегі инвесторлар да, әлемнің барлық мемлекет басшылары да осы қалаға, осы астанаға, осы мемлекетке инвестиция тартуға, инвестиция салуға, бірлесіп тірлік жасауға, экономиканы бірлесіп көтеруге, болашақта әлемдегі бүкіл дағдарыстарды бірлесіп жеңуге әрекет жасайтынына ешқандай дау жоқ деп есептеймін.

Егемен елдің қалыптасып, өсіп-өркендеуіне Елбасының еңбегі ерен. Сондықтан, астананы Нұр-сұлтанға өзгерту – әділетті шешім,-дейді Қазбек Иса.

Қазбек Иса, «Ақжол» демократиялық партиясы төрағасының орынбасары:

Осы сәтті жақсы жалғастырып алып кету үшін біз мынау Петропавл қаласын, кезінде өзінің ордасы болған, үш жүздің басын қосқан – Абылай ханға, Павлодарды қазақтың тәуелсіздігі үшін күрескен соңғы ханы – Кенесарыға, ал кезінде Алаш қаласы атанған Семейді Алаш орда үкіметінің төрағасы – Әлихан Бөкейхановқа беріп жақсы жалғастырып алып кетуіміз керек деп ойлаймын.

Қазақ тоя тамақ ішіп, тыныш ұйықтау үшін Елбасы бар өмірін сарп етті. Сондықтан, Нұрсұлтан Назарбаевтың өмірі мен қызметі келер ұрпаққа өнеге дейді көпшілік. 

Армангүл ТОҚТАМҰРАТ

Хабарламаларға жазылу