«Маревен Фуд» зауыты өнімдерін Пәкістан мен Қытайға экспорттамақ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Маревен Фуд» зауыты өнімдерін Пәкістан мен Қытайға экспорттамақ

27.03.2019

Елбасының тікелей қолдауымен қолға алынған индустриалды-инновациялық бастамалардың маңызы орасан зор. Сондықтан олардың іске асуы әркез назардан тыс қалмайды. Мәселен, Қапшағай қаласындағы «Маревен Фуд» азық-түлік өндіретін зауыт енді өнімдерін Пәкістан мен Қытайға шығаруды жоспарлап отыр. Өйткені отандық нарықты кеңінен азық-түлік, жартылай фабрикат және ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз ететін өнеркәсіпке көрші елдерден сұраныс артты.

Тамақ өндірісі мамандығын оқыған алматылық Рахмеддин Шахмеддинұлы бір жылдан бері Қапшағайға қатынап жұмыс істейді. Себебі, іргедегі мегаполиске өнімдерді тасымалдайды. Сондықтан, оған жолдың ұзақтығы кедергі емес. Жұмысына ұқыпты кадрды басшылары ауысым жетекшісі етіп тағайындаған.

Қазір кәсіпорында 800 адам еңбек етеді. Олардың бренд өнімдері тұтынушылар арасында танымал. Дайын ас ретінде пайдалануға арналған тез пісетін кеспелер мен тағам тұздықтарын шығарады. Одан бөлек, макарон өнімдерін де әзірлейді.

Бернард Вавржин, компанияның бас директоры:

- Біз болашақта біртіндеп өндіріс көлемін ұлғайтып, жұмыс орнын ашамыз деп жоспарлап отырмыз. Өнімдердің жаңа түрлерін шығару бағытында ізденіс үстіндеміз.

Жобаға 15,4 млрд теңге инвестиция тартылған. Бүгінде зауыт «Қазақстанда жасалған» белгісімен дайын өнімдерін шығарып, ішкі нарықты толық қамтып отыр. Жергілікті жерде қоспасыз өсірілетін шикізат табиғи таза болғандықтан, шетелден сұраныс көп.

Нұрлан АСҚАРҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу