Қазір жұрт жұмыс іздеп қалаға қарай ағылса, Қарағанды облысының Қарқаралы ауданына қарасты Қоянды ауылына, керісінше, жастар қаладан көшіп барып жатыр. Себебі жергілікті кәсіпкер Нұрлан Қалтаев оларға барынша жағдай жасап отыр. Тегін үй беріп, азын-аулақ малмен де көмектеседі. Ал, жергілікті билік бау-бақша өсіру үшін жер бөліп, жеңілдетілген несие алуға жәрдемдеседі. Жақында ауылға Шымкенттен 9 отбасы қоныс аударды.
Алыстан ат терлетіп жеткен көшті ауылдағы ағайын құшақ жайып қарсы алды. Кезінде әйгілі Қоянды жәрмеңкесі өткен бұл киелі өңірдің жері шұрайлы. «Мал өсіріп, диқаншылықпен айналысуға өте қолайлы мекен»,-дейді жергілікті жұрт. 9 отбасының Шымкент қаласынан көшіп келуінің бір сыры да осында жатыр. Оның үстіне оларға тегін үй, азын-аулақ мал, жер берілді.
Қасымбек Юлдашев, қоныс аударушы:
- Қоянды еліне құдай қаласа баламды әкеліп отырмын, осы жерде өсіп-өнсін деп. Үй алдық. Үйім жақсы енді. Мал шаруашылығымен айналысамыз, әрі диқаншылықпен шұғылданамыз, көреміз.
Қазір Қоянды ауылында 90-ға жуық отбасы тұрады. Тоқырау жылдары жұрт жаппай қалаға көшкен кезде, мұндағы 19 үйді жергілікті кәсіпкер Нұрлан Қалтаев меншігіне сатып алған. Кейін күрделі жөндеп, сақтап қойыпты. Енді сол баспаналарды ауылға келемін деген азаматтарға тегін үлестіріп жатыр.
Нұрлан Қалтаев, кәсіпкер:
- «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша математика пәнінен, физика, ән-күй пәндерінен мұғалімдер шақырып жатырмыз.
Кәсіпкер бұған дейін ауылда отбасылық үлгідегі балалар үйін де ашқан. Оған себеп елді мекендегі мектепті сақтап қалу. Білім ошағының директоры Аян Исабаев жұбайы екеуі осыдан бір жыл бұрын отбасылық балалар үйіне көшіп келген. Өздерінің 4 баласымен қоса, ата-ана қамқорынсыз қалған 5 жеткіншекті тәрбиелеп отыр.
Аян Исабаев, Қоянды ауылындағы мектеп директоры:
- Көшіп келіп жатқан қонақтардың әр отбасында 3-4 баладан, үлкен отбасында 6 балалылары бар екен. Сол 30 бала қосылса, мысалы 90-нан асамыз, бала саны бойынша. Орта мектептің талабына келіп тұрмыз. 11-12-сынып ашылса, орта мектеп дәрежесін аламыз.
Келешекте ауылда тағы осындай отбасылық үлгідегі екі бірдей балалар үйі ашылмақ. Айта кету керек, Нұрлан Қалтаев бұған дейін туған ауылына мешіт және балалар алаңын салып берген.
Руслан НҰРЛАНҰЛЫ