Сондай-ақ, 18 жастан асқан мүмкіндігі шектеулі азаматтарды күтушілер тегін жолақымен қамтамасыз етіледі. Бұл туралы елорда әкімі Бақыт Сұлтанов көпбалалы аналармен кездесу барысында айтты. Жүздесуге Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев, Білім және ғылым, Денсаулық сақтау вице-министрлері қатысты.
Кездесу қаладағы №55 мектепте өтті. Зал лық толы болды. Келген аналардың санында есеп болмады.
Жалпы, елордада 10 мыңнан астам көпбалалы отбасы тұрады. Олардың 4 688-і – «Алтын Алқа» және «Күміс алқа» иегері. 3,5 мыңға жуық адам немесе 684 отбасы – аз қамтылған.
«Күміс алқаның» иегері, 6 баланың анасы Айсұлу Ешенхан бұл кездесуге кәсібін дамыту үшін қолдау сұрай келіпті.
Айсұлу Ешенхан, көпбалалы ана:
- Мен жерді тегін сұрап жатқан жоқпын. Маған жер берсеңіздер, мен өзім өндірістік база саламын. Әрі қарай оны өзім жасаймын. 1,5 жыл айына 400 мың аренда төлеп отырмын.
Сондай-ақ, көпбалалы ана балабақша мәселесіндегі түйткілмен де бөлісті.
Айсұлу Ешенхан, көпбалалы ана:
- Мысалы менің үйімнің алдында балабақша бар, мемлекеттік. Мен оған барсам үнемі орын болмайды. Басқа жақтан келіп жатады балалар.
Осы және өзге де мәселелерді тыңдаған билік өкілдері бірде-бір тұрғынның қабылдаусыз, көмексіз, қолдаусыз қалмайтынын жеткізді.
Бақыт Сұлтанов, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі:
- Бұл істі өз бақылауыма аламын. Мында басқарма басшысы отыр. Нақты мәселеңізді шешуге тырысады. Әлеуметтік карта жасақталды. Сонда зерттеп отырмыз.
Бүгінде көпбалалы отбасыларды қолдауға әлеуметтік қызметтердің кешені әзірленді. Ол үшін қалалық бюджеттен 3,2 млрд теңге бөлінген. Қосымша 8 әлеуметтік көмек қарастырылады. Көпбалалы отбасыдан шыққан 1-11 сынып оқушылары тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі.
Бердібек Сапарбаев, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:
- Халықты толғандырып жүрген мәселелердің бірі - жәрдемақыларды алар кезде қағазды көп жинау. Көптеген мемлекеттік мекемелерге бару. Осыны ыңғайландыру үшін «Электрондық халық» деген информациялық жүйе жұмыс жасайды. Сол жүйенің негізінде енді тек қана куәлігі болу керек. Болды. Басқа керекті құжаттардың барлығын сол азаматтар үшін мемлекеттік органдар жинайды.
Одан бөлек, көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың балаларына, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі балаларға балабақшалардан тегін орын беріледі. «Сонымен қатар, көпбалалы отбасыдан шыққан 180 балаға қаламыздағы ЖОО-на арнайы гранттар беріледі»,- деді билік өкілдері.
Фариза МҰСАҚЫЗЫ