Қарағанды облысында өзен бойындағы елді мекендердің қауіпсіздігін қадағалау күшейтілді
Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов төтенше жағдайға жауапты мамандарға кабинетте отырмай, аяқтарына етіп киіп, өңірдегі барлық өзендерді бақылауға алуды тапсырды. Үлкендерін ғана емес, оларға құяр арналардағы қар мөлшерін анықтауды жүктеді. Биыл өңірдегі кей аймақтарда әдеттегіден 80 пайызға дейін қалың түскен. Қазір су қоймаларының жағдайы мен өзен бойындағы елді-мекендердің қауіпсіздігін қадағалау күшейтілді. Себебі синоптиктер алдағы күндері ауа райы күрт жылынады деп отыр.
Жағдайды өз көзімен көру үшін облыс әкімі Ерлан Қошанов өңірдегі ең үлкен Самарқанд су қоймасына келді. Тексеру барысында мамандар өзендердің негізгі арналарындағы қарды ғана өлшейтіні мәлім болды. Соның салдарынан қоймада қанша су жіберу қажеттігі белгісіз болып отыр. Көп ағызып қойса, маңайдағы шаруашылықтар мен кәсіпорындар жазда сусыз қалуы мүмкін. Бұл өңір басшысының ашуын туғызды.
Қазір облыс бойынша дала төсінің басым дені ақ мамыққа оранып жатыр. тасқынның алдын алу мақсатында Қарқаралы және Бұқар жырау аудандарындағы төрт өзеннің сеңін бұзу үшін мұз жару жұмыстары атқарылды. Бұл жұмыстар Осакаров, Нұра аудандарында жалғасуда.
Ибрагим Күлшімбаев, ТЖД басшысы:
- Үлкен су қоймалардан су жіберу жұмыстары жалғасып жатыр. Бүгінгі күні Самарқанд су қоймасынан секундына 35 текше, Шерубай-Нұрадан 14 текше метр су шығуда.
Кей өлкелерде қар әлі қалың. Айталық, Қарқаралы ауданына қар жылдағыдан 80 пайызға көп түскен. Төтенше жағдай қызметі мен жергілікті билік тарапынан техникалар сайланып, қажетті инертті материалдар жеткізілген. Аудан аумағындағы 625 суағар тазаланған. 2018 жылы барлық көпірлер жаңартылды. Су басу қаупі бар 13 елді мекеннің маңына 24 500 шаршы метр бөгет салынған.
Халел Мақсұтов, Қарқаралы ауданының әкімі:
Инерттік заттар, жанар-жағамай, азық-түлік, дәрі-дәрмек, техникамен қамтамасыз ету бойынша барлық келісімшарттарды жасадық.
Облыста соңғы жылдары тасқыннан айтарлықтай шығын келген соң аса қауіпті деген жерлерде инженерлік жұмыстар атқарылды. Ал, қалған 33 елді мекенде енді басталмақ. Алдағы екі-үш күнде ауа райы күрт жылып, ағыстың ең күшті шегі болады деп күтілуде.
Руслан НҰРЛАНҰЛЫ
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы