Қаламыздың аты халықтың рухын көтеріп тұратын болады - Сауытбек Абдрахманов
Қала атауының өзгеруі - қалыпты құбылыс. Бүкіл әлемде бұрыннан бар тәжірибе. Елінің тарихына әсер еткен, еңбегі сіңген тұлғалардың аты қала тұрмақ, мүйістер мен бұғыздарға, шығанақтар мен тауларға да берілген. «Тіпті, адам атымен аталған тұтас халықтар да бар», дейді Мәжіліс депутаты Сауытбек Әбдірахманұлы. «Сондықтан, Елорданың Елбасы атымен аталуы – асылды ардақтай алатын халыққа тән шешім», десті халық қалаулылары.
Сауытбек Абдрахманов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Вашингтон қаласы сол елге тәуелсіздік алып беру жолында күрескен адамның атымен, сол қаланы салған адамның атымен ғана аталмаған. Ол қала 1791 жылы, яғни, қаланың негізі қаланғаннан кейін небары 2 жыл өткенде аталған. Оған қосып айтатын жағдай, АҚШ-та Вашингтон қаласы ғана тұңғыш президенттің атымен аталмаған. Онда Вашингтон тауы, көлі бар. Вашингтон университеті, басқа көптеген атаулар Тұңғыш Президенттің атауында. Өнегелі елдер, тарихына ерекше құрметпен қарайтын елдер Елбасына осылай құрмет көрсетеді. Соған қоса, тағы бір нәрсені айтқым келеді. Қаланың аты Нұрсұлтан емес, қаланың аты Нұр-Сұлтан. Сұлтан сөзі мұсылман елдерінде биліктің символы. Сұлтан сөзі біздің елде бекзаттықтың бір баламасы. Мысалы, жігітке сүйсінгенде, мынау жігіттің сұлтаны екен дейміз. Демек, ендігі жерде біздің қаламыздың аты - нұрлы бекзаттық, тектілік жөнінде де айтып тұратын болады. Біздің қаламыздың аты халықтың рухын көтеріп, жұртты тектілікке, тазалыққа, биіктікке шақырып тұратын болады. Сонымен бірге, ұрпақтарымыз кімнің құрметіне қойылғанын біліп тұрады.
Қуаныш Сұлтанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Нұр-Сұлтан қаласы біздің тарихымызбен, тарихымыздың тереңімен байланысты. Бүгінгі күнімізбен, ертеңгі болашағымызбен тығыз байланысты. Нұр-Сұлтан қаласы әсіресе, біздің ертеңімізге, халқымыздың гүлденген болашағына, қауіпсіздігіне, өсіп-өнуіне тікелей қызмет ететін болады. Біздің ұлттық рухымыздың көтерілуіне қызмет ететін қала боларына сенемін. Нұрсұлтан Әбішұлы осы қаланың көркем дәрежеде салынуына және оның әлемдік дәрежеде танылуына өлшеусіз еңбек сіңірді. Қай жағынан алсаңыз да, Нұрсұлтан есімінің осы қалаға берілуі өте орынды әрі заңды. Халқымыздың рухани санасының өсіп-өнуіне қалтқысыз қызмет ететініне күмән келтірмеймін.
Асима НҰРБАЙҚЫЗЫ
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы