Алматыда Наурыз мерекесі 1 ай тойланады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда Наурыз мерекесі 1 ай тойланады

26.03.2019

Алматы, Елбасы, Тәуелсіздік - ажырамас ұғым. Егемен ел тарихының жарқын беттері Алматыда ашылған. Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттілігімізді тұғырлы, елдігімізді ғұмырлы етер көптеген аса маңызды құжаттарға да осы Алматыда қол қойған. Алатаудың етегінде өткен дүбірлі Наурыз мерекесінде көпшілік алдында сөз сөйлеген қала әкімі Бауыржан Байбек осыны айтты. Енді алып шаһарда Наурыз мерекесі бір ай тойланады. Ұлыстың Ұлы күнінде 300 мыңнан астам адам қатысты. Олардың ішінде Жапония, Оңтүстік Корея, Малайзия, Беларусь және басқа елдерден келген туристердің саны - 500-ден астам. Мегаполисте 21 сәуірге дейін 80-нен астам шара өтпекші.

Наурызды Кеңес заманында мерекелеуге тыйым салған еді. Десек те, араға ұзақ жылдар салып, 1988 жылдың көктемінде ұлт зиялыларының бастамасымен Алматыда алғаш рет тойланды. Осы күннен бастап, ұлық күн қайта жаңғырды. 1991 жылдың 15 наурызында Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен мереке мемлекеттік сипат алды.

Бауыржан Байбек, қала әкімі:

- Біз биылғы Наурызды ерекше жаңалықтармен қарсы алып отырмыз. Күні кеше, яғни 19 наурызда Елбасы өзінің Президенттік өкілеттігін тоқтату туралы тарихи шешімін мәлімдеді. Осынау қадамы арқылы Елбасы тағы да елдік дәстүріміздің озықтығын көрсетті. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев – қазақ елінің жаңа дәуірдегі жасампаз тарихында ғана емес, адамзат тарихында да үлкен беделге ие саңлақ саясаткер, кемеңгер тұлға.

Бауыржан Байбектің сөзінше, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Алматыны әрдайым ерекше назарында, тұрақты қамқорлығында ұстағандығын жеткізді. Сондықтан Елбасының әр бастамасын қолдай білген алматылықтар Наурыз мерекесін ерекше сән-салтанатымен атап өтті. «Ұлы көш» шеруімен басталған шара Алатаудың етегіндегі алып қалада кең ауқымда тойланды. Алматыға әлемнің 6 елінен 170 қолөнер шебері келді.

Бұдан бөлек, мегаполистің әр ауданында да мерекелік шаралар толастамады. Қаладағы 40 мейрамхана ұжымы тағам ұсынатын көше бұрыштарын ашты. Бұдан Елбасының «Әлеуметтік қамқорлық» бағдарламасын басты назарда ұстайтын, халықтың тұрмысын көтеруге атсалысып жүрген кәсіпкерлер де шет қалмады. Өйткені, әлеуметтің әлеуетін арттыруда жергілікті билікпен тізе қосқан олар мұқтаж жандарға ұдайы көмек көрсетіп келеді.

5 күндік демалыста көптеген думанға араласқан алматылықтар енді игі бастамалардың одан әрі іске асуына мұрындық болмақшы. Күн мен түннің теңеліп, жер аяғы кеңіген күннен бастап жергілікті кәсіпкерлер қайырымдылық шараларын қолға алмақшы. Олар әлеуеті төмен, көпбалалы отбасыларға көмек көрсетеді. Сонымен қатар, қаланың сәнін кіргізу үшін көпшілік көшелерге көшеттер отырғызады.

 

Нұрхан НҰРЛАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу