Тұңғыш Президент – Тәуелсіз Қазақстанның қазығын қағып, шаңырағын көтеріп, керегесін кеңейткен ірі тұлға. Нұрсұлтан Назарбаев ел тағдыры сынға түскен сын сәттерде қандай да үлкен мәселе болмасын, ешбір ши шығармай елді алға бастап шыға білді. Сондықтан да тікелей өзінің идеясымен жүзеге асқан елорданың атын оның құрметіне беру – бұл Қазақстан халқының алғысы деп білген жөн. «Қазақстан-2050» демократиялық күштердің жалпыұлттық коалициясы отырысына жиылғандар осындай ой-пікір білдіріп, тарихи шешімге үн қосу мақсатында үндеу қабылдады.
Коалиция құрамына енетін жетекші саяси ұйымдар 6,5 млн қазақстандықтың мүддесін, саяси ұстанымын білдіреді. Сондықтан осы тарихи сәтте олар ортақ алаңға жиылып, ауызбіршілік көрсеткенді жөн көрген. Отырысты ашқан «Nur Otan» партиясы төрағасының орынбасары Мәулен Әшімбаев Елбасы өз өкілеттігін тоқтату туралы шешімді бір сәтте қабылдамағанын айтады. Бұл - жан-жақты сараланған, салмақты шешім. Ал, бас қаланың атауын Тұңғыш Президент құрметіне беру - тарихи әділеттіліктің орнауы.
Мәулен Әшімбаев, «Nur Otan» партиясы төрағасының орынбасары:
- Қазақстан халқы үшін Елбасының есімі қашан да мемлекеттік, егемендік, тәуелсіздік сынды аса маңызды ұғымдармен қатар тұрады. Қазірдің өзінде Тұңғыш Президентіміздің есімі тәуелсіз мемлекетіміздің негізін қалаушы, барлық реформалардың авторы, әлемдік деңгейдегі саясаткер ретінде тарихымызға алтын әріптермен жазылатыны сөзсіз.
Әртүрлі саяси партиялардың мүшелері егемендіктің алғашқы жылдары елдегі қиын жағдайды еске алды. Жаппай дефицит, қазынадағы қаржы тапшылығы, әлеуметтік проблемалар. Қазақстан аз ғана уақыттың ішінде бұл қиын кезеңнен жол тауып, жетістік жолына түсе білді. Әрине, бұл - мықты көшбасшы, Тұңғыш Президенттің ерен еңбегінің арқасы.
Жамбыл Ахметбеков, Қазақстан коммунистік халық партиясының хатшысы:
- Елбасының тарихи істерінің барлығының маңыздылығы - оның дүниежүзіне дейінгі әсері және біздің халықтың Тұңғыш Президентке деген құрметінің бір шешімі деп айтуға болады.
Абылай Мырзахметов, «Атамекен» Ұлттық палатасы басқармасының төрағасы:
- Нұр-Сұлтан деп атау - сол кісінің жасаған еңбегіне алғыс білдіруіміз. Заңды жүзінде бәрі қабылданды. Ең бастысы, біз жүрегімізбен қабылдауымыз керек.
Нұрсұлтан Назарбаев - елорданың бас сәулетшісі. Тұңғыш Президенттің ешбір қарсылыққа селт етпей, ерлікке пара-пар шешімі болмағанда, арқаның төсінде мұндай алып қаланың бой көтеруі мүмкін болмас еді.
Коалиция мүшелері елорданың атауын өзгерту туралы шешімді ел халқының 80 пайызы құптап, қолдап отырғанын айтады. Ендігі таңда Нұр-Сұлтан шаһары елдік пен мемлекеттің жаңа нышаны, жаңарған Қазақстанның символы болып тарих беттерінде жазылмақ.
Шерхан ЖАМБЫЛҰЛЫ