Елбасының ерен еңбегі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елбасының ерен еңбегі

21.03.2019

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Тәуелсіздік тұғырын бекітуге сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Мұны, әсіресе, Ұлт көшбасшысымен бірге оқыған сыныптастары жақсы біледі. Себебі олар Тұңғыш Перзиденттің әрбір қабылдаған шешімдерінің, яғни қала мен өңірлер, аудан орталықтары, елді мекендерде орындалуын өз көздерімен көрген. Сондықтан бірге оқыған құрдастары Нұрсұлтан Әбішұлымен кездескен жерде елдің жағдайын айтып отырады.

Еліміздің еңсе көтеріп, елдігін нығайту жолында Елбасымен бірге өңірдегі шаруашылықты ілгері сүйреуге үлес қосқан Едіге Исатайұлы сол бір тарихи күндерді сағынышпен еске алады. Өйткені сол тұста қазақ мемлекетінің болашағына күмәнмен қараған адам көп болған. Алайда, ел үшін туған ерлері бір ойдың төңірегіне топтасып, өндірісті өркендетті. Сөйтіп Қазақстан ең дамыған 50 елдің қатарына қосылды. «Бұл бағытта Тұңғыш Президенттің алған бетінен тайсалмайтын алғырлығын айта кеткен жөн», - дейді сыныптасы.

Едіге Жүнісбеков, Елбасының сыныптасы:

- Біздің Елбасымыз, халық үшін, ел үшін, жастардың келешектегі, өмірі үшін үлкен шешім қабылдады деп ойлаймын. Ол елдің қамын ойлайтын адам. Алдын ала ойлап, барлығын шешіп, өзімнің халқым аман болсын, елім аман болсын деген үлкен азамат. Еңбектері ерекше бағаланып жатыр ғой.

Тұңғыш Президенттің көпшіл екендігін бала кезінен білетін сыныптасы Рабис Ғарифқызы бала Нұрсұлтанның білімге деген құштарлығын есінен шығармайды. Еліміздің Тәуелсіздік жылдары ұстанған сарабдал саясатының нәтижесінде ішкі тұрақтылық сақталып, халықтың бірлігі бекемделді.

Рабис Ғарифқызы, Елбасының сыныптасы:

- Барлық ұлт, барлық этнос өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатырмыз. Аллаға шүкір, бізде тыныштық. Ол - Елбасы саясатының арқасы.

Елбасының еселі еңбегі - бүгінгі буынға үлгі. Егемендік алған жылдары атан түйенің белін қайыстырар жүкті көтерген азаматтардың ісі әлі талай зерттеледі. Себебі, сан мың адамның тағдыры байланған саясаттың сыны қылдай жіңішке болғанымен, таудай талапты қажет етеді. Осылай деген Тұңғыш Президенттің сыныптастары Ұлыстың ұлы күнінде ел амандығы мен бірлігін тіледі.

Нұрлан АСҚАРҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу