Нұрсұлтан Назарбаев - тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаған тұлға. Тұңғыш Президенттің арқасында еліміз, саясаты тұрақты, экономикасы қуатты елге айналды. Нұрсұлтан Назарбаевтың жетекшілігімен қабылдаған стратегиялық шешімдер, еліміздің ары қарай да орнықты дамуына мүмкіндік береді. Бұл ресейлік саясаттанушылардың пікірі.
Ресейлік сарапшылар Нұрсұлтан Назарбаевтың кешегі Үндеуіне қатысты жарыса пікір білдіріп жатыр. Көрші елдегі саясаттанушылардың пайымынша, тұңғыш Президенттің Қазақ еліне сіңірген еңбегі орасан зор. Мамандар, «туған халқын тар жол, тайғақ кешуден аман алып шыққан тарихи тұлға, жауапты кезеңде тағы да тарихи шешім қабылдады» деп отыр.
Алексей Пилько, саясаттанушы:
Нұрсұлтан Назарбаев қазіргі Қазақстанның негізін қалады. Ол қиын-қыстау заманнан тәуелсіз елін аман алып шықты. Тұңғыш Президент әлемдегі алпауыт мемлекеттердің арасында, өз елінің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, Орталық Азияның көшбасшысына айналды.
Біз Өзбекстандағы қиындықтарды, Тәжікстандағы азамат соғысын, Қырғыз еліндегі толқуларды көрдік. Ал Қазақ елі осы уақытта тұрақты дамып, табысты мемлекетке айналды. Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев ядролық қарудан бас тарту арқылы, елдің әлемдік қауымдастық алдындағы беделін де нығайта алды.
Азаттық алған тұстан, Алаш елі адымдап емес, қарыштап дамыды. Алдымен экономикамыз еңсесін тіктеді, содан соң саясатымыз сара жолға түсті. Осылайша, тәуелсіз Қазақстан төрткіл дүниеге танылды. Ал осы істің басы-қасында тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев тұрды. Бұл сырт көз - сыншының пікірі.
Никита Мендкович, еуразиялық сараптамалық клубының басшысы:
Нұрсұлтан Назарбаевтың жетекшілігімен Қазақстан жаңа нарықтық экономикаға көшті. Елдің тиімді мемлекеттік басқару жүйесі жаңадан қалыптасты. Бір сөзбен айтанда, Қазақстанның қазіргі қол жеткізген барлық табысы Нұрсұлтан Назарбаев есімімен байланысты. Ал оның халықаралық аренадағы еңбегін айтар болсақ, мен Еуразиялық экономикалық одақтың құрылуы, Назарбаевтың арқасы дер едім.
Ресейлік сарапшылардың ойынша, еліміздегі саяси сабақтастық сақталып, экономикалық жетістіктер ары қарай да жалғасады. Себебі, тәуелсіз мемлекеттің жылдар бойы қаланған іргетасы берік.
Нұртас СОЛТАНҰЛЫ