Елбасының табанды еңбегінің арқасында халқымыз туған жердің заңды иесі сезінді - Қасым-Жомарт Тоқаев - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елбасының табанды еңбегінің арқасында халқымыз туған жердің заңды иесі сезінді - Қасым-Жомарт Тоқаев

20.03.2019

Елбасының табанды еңбегінің арқасында халқымыз толғауы тоқсан, тауқыметі мол тарихында өзін тұңғыш рет туған жердің заңды иесі сезінді. Бұл туралы бүгін Республика Президенті өкілеттігін уақытша атқаруға кіріскен Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

«Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап халықтың әлеуметтік ахуалын көтеруге бағытталған, нарықтық экономикасы бар қуатты егемен мемлекет құру ісіне білек сыбана кірісті. Тайғақ кешкен осы қилы жолда теңдессіз табыстарға қол жеткізді. Елбасының әр Жолдауы әсіресе, 2018 жылдың наурыз айындағы және қазан айындағы үндеуінің негізгі бағыттары, сондай-ақ, «Nur Otan» партиясының XVIII-съезінде сөйлеген сөзі халықтың қамын көздеген шынайы жанашырлықтың айғағы болып табылады. Бұл құжаттарда ел азаматтарына әлеуметтік қолдау көрсетудің шетел мемлекеттерінде баламасы жоқ бірегей шаралары көрініс тапқан», - деді Қ.Тоқаев.

Сондай-ақ, ҚР Президенті тәуелсіздіктің арқасында қол жеткізген табыстар, Қазақстан халқының ортақ тарихи тағдыры «Мәңгілік ел» тұжырымдамасында айқын көрсетілетіндігін айтты. Бұл құжаттың өзегінде баршаға ортақ мақсат, ортақ мүдде, халқымыздың ортақ келешегі үйлесім тапқан. Елбасының ұсынысымен ұлт бірлігін нығайту жолында қуаты күшке айналған «Мәңгілік ел» патриоттық актісі қабылданды.

«Тәуелсіздік жылдарының ішіне ұлттық идеяларға және туған жердің қасиетті топырағына адал, Отанға деген шынайы сүйіспеншілік рухында тәрбиеленген жас азаматтардың тұтас бір буыны қалыптасты. Бұл орайда Елбасы жүзеге асырған жастар саясаты, мазмұны бірегей «Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақалалары оң ықпал етті. Елбасының табанды еңбегінің арқасында халқымыз толғауы тоқсан, тауқыметі мол тарихында өзін тұңғыш рет туған жердің заңды иесі сезінді. Баршамыздың жүрегімізді отан үшін мақтаныш сезімі кернеді», - деді Қ.Тоқаев.

Мемлекет басшысы «Қазақстан-2050» стратегиясы, «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясаты, «100 нақты қадам»- Ұлт жоспары елімізді жаңғыртуға Қазақстанның экономикалық әлеуетін одан ары нығайтуға бағытталғанын айтты.

«Бұл халықаралық аренадағы тұрақсыздық пен дағдарыстар ахуалында аса маңызды ақиқат. Қазіргі Қазақстан - бұл нарықтық экономикасы бар, демократиялық, зайырлы мемлекет. Елімізде жекеменшік институты орнықты қалыптастан. Орта таптың жағдайы және кәсіпкерлік қарқынды даму үстінде. Барлық өзекті әлеуметтік-экономикалық мәселелер уақытылы шешімін табуда», - деді ҚР Президенті.

Хабарламаларға жазылу