Қарағандыдағы орталық саябақта спорт нысандарын салу қоғамдық тыңдау өткен соң белгілі болмақ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағандыдағы орталық саябақта спорт нысандарын салу қоғамдық тыңдау өткен соң белгілі болмақ

18.03.2019

Қарағандыдағы орталық саябақта спорт нысандарының салыну-салынбауы тек қоғамдық тыңдау өткен соң ғана белгілі болмақ. Құрылыс уақытша тоқтатылды. Жиынның қай күні болатыны әлі анықталған жоқ. Қазір құрылыстың қоршауы алынып тасталды.

Естеріңізге сала кетейік, саябақта теннис корты салынады дегенді естіген тұрғындар қарсы шығып, әлеуметтік желіде жаппай наразылықтарын білдірген еді. «Себебі, құрылыс кезінде қаншама ағаш қырқылады», - дейді табиғат жанашырлары. Алайда, қала әкімі ешбір ағаштың кесілмейтініне кепілдік беріп отыр. «Барлық ағаш қазылып алынып, өзге жерге отырғызылады», - деді ол.

Айта кетейік, Теннис федерациясының тапсырысымен алдағы бірер жылда саябақтағы 1,5 гектар аумақта бірнеше спорт нысаны бой көтермек. Жоба құны 2 миллиард теңгеден асады. Себебі, жастар арасында спорттың бұл түріне сұраныс жоғары көрінеді. Ал, шаһардағы бұған дейін салынған екі корт жаттығуға аздық етеді екен. Бірақ, тұрғындар мен қоғам белсенділері құрылысқа орталық саябақтың таңдалғанына наразы. 

Диас Досқараев, ҚР Теннис федерациясының вице-президенті:

Егер қоғамдық тыңдау кезінде халықтың басым бөлігі құрылысқа қарсы шықса, әрине, бұл жерге корт салынбайды. Сондықтан, әліптің артын бағып, жиынды күтейік.

 

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу