Басты Жаңалықтар «Masele». Елімізде 119 жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мекеме бар

«Masele». Елімізде 119 жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мекеме бар

Заман өзгеріп кетпегені белгілі, бұл адамның адами қасиеттерден ада болып бара жатқанын дәлелдейтін жайттар. Хош, қазаққа жат тағы бір түйткілді тілге тиек етейік. Бұл ата-ана қамқорлығынсыз қалған бөбектердің тағдыры.

«Қазақ менталитеті: кеше, бүгін, ертең» атты еңбекте: «Қазақ арасында да жетім-жесірлер болған. Бірақ, олар жаппай бір қатер болмаса, ешқашан тентіреп, ел аралап қайыр сұрамаған. Өйткені, қазақтар өз жетім-жесірлерін өздері қамқорлығына алған, қаңғыртпаған» делінген.

Бұл иемденген жері ен дала, иек асты жері күншілік болған қазақтың тектілігінің айғағы. Ал қазір ше? Қазір біздің елде 119 жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мекеме бар. Жұрт «Жетімдер үйі» дейді оны.

Періштей пәк бөбектерді тастай қашатын тасбауырлардың жатырына қайтіп бөпе бітеді өзі, деп кейде күйініп алатынымыз бар. Бір апта зерттегенде одан да сорақы жайттарға тап болдық. Қазір айтамыз, көпке көрсетеміз.

Қуанышты демеймін, бірақ көңілге медеу болар ақпарат бар. Ол жыл сайын балалар үйінің азайып келе жатқаны. Міндет - ондай орталықтардың қасиеті қалың елге қазық, өсиеті қауым елге азық болған қазақ жерінде атымен болмауы.

Тасбауырлар тастап кеткен бөбектерді асырап алуға асық ағайын көп. Бізге біразы хабарласты. Тек құшақ-құшақ құжаттар, таусылмайтын тексерістер, түбі көрінбейтін түбіртектер ниеті ақ қандастардың қанын ішіп бітеді екен.

Осының оңтайлы жолын сұрағандар болса, сәл күтіңіздер деймін. Қазір тілшіміз бәрін жіпке тізіп айтады. Жетім балаға жақынын күттіріп есікке жәутеңдетпей асырап алу адамға да, Аллаға да жағатын тірлік екенін ескердік.

Тап осы тұста ардақты Пайғамбарымыздың: «Менімен жетімге қамқорлық етуші адам жәннатта мына екі саусақ тәрізді жақын боламыз», – деп сұқ және ортаңғы саусағын көрсетуі де бұл істің абзал, әрі Алланың қош көрген салиқалы сүннеті екендігін аңғартады. Көрермен осыны ескеріңіз. Қазір Назым Қайрат сөйлейді, көрейік.

Бөлісу