Атаулы әлеуметтік көмектің көбейетіні көпбалалы аналарды қуантты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атаулы әлеуметтік көмектің көбейетіні көпбалалы аналарды қуантты

13.03.2019

«Әлеуметтік қамқорлық» шаралары көпбалалы отбасыларға үлкен көмек болмақ. Әсіресе, баспана алудағы жеңілдіктер мен атаулы әлеуметтік көмек көлемінің ұлғаятыны көпшілікті қуантып отыр. Солардың бірі - алтын құрсақты Ақмарал Ағыбаева. 7 балаға жарық дүние сыйласа да, оларға жарқын өмір сүруге жайлы жағдай жасай алмай отырған ананың енді келешектен күтері көп.

Бұл отбасының баспанасы болмаса да, бір бөлмені басына көтеретін балалары бар. 7 бала – осы үйдің берекесі әрі мерекесі.

Ақмарал Ағыбаева 7 мәрте құрсақ көтерді. «Алтын алқа» иегері. Қазір бала күтімімен ошақ басында. Кішісі – екіде, тағы бір баласы – аты жаман дерттің шырмауында. Жолдасы жұмыссыз. Тек балаларының мардымсыз жәрдемақысымен жан бағып отыр.

Ақмарал Ағыбаева, «Алтын алқа» иегері:

- Мүгедек балама алатыным - 60 мың теңге. «Алтын алқаға» 16500 шығады. Қазір 85 мың теңге болды.

Сәуірдің 1-інен бастап Ағыбаевтар отбасының балаларының ырзығы артады. Яғни, атаулы әлеуметтік көмектің көлемі өспек. Егер бұған дейін отбасының әр мүшесіне 4834 теңге төленіп келсе, бұдан былай 18 жасқа толмаған әр бала мен 23 жасқа дейінгі студентке 20789 теңгеден беріледі. Демек, 7 баланың жәрдемақысы 145 523 теңге болады. Оған еңбек табысы жоқ 4 балаға берілетін 10504 теңгені және 30 пайызға артатын мүгедектігі бар балалардың жәрдемақысын қосыңыз.

Ақмарал Ағыбаева, «Алтын алқа» иегері:

- 7 баламның әрқайсысына 20 мыңнан шығып тұрса, әрине, көмек.

Ия, Ақмаралдың бұлай айтатын жөні бар. Себебі жоқшылықтан балаларының жаңа киім киіп, жадырап күлмегеніне бірнеше жылдың жүзі болыпты. Алтын құрсақты ана мемлекеттің айрықша әлеуметтік қамқорлығы осы олқылықтардың орнын толтыратынына кәміл сенімді.

Армангүл ТОҚТАМҰРАТ

Хабарламаларға жазылу