Астана іргесіндегі ауыл тұрғындары қызыл судан қауіптеніп отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астана іргесіндегі ауыл тұрғындары қызыл судан қауіптеніп отыр

12.03.2019

Астана іргесіндегі Талапкер және Ыбырай Алтынсарин ауылдарының тұрғындары қызыл судан қауіптеніп отыр. Күн күрт жылынса, жылдағы жағдай қайталанады ма деп қорқады олар. Оның үстіне Астанадан шығарылған қар осы ауылдарға жақын жерге төгіледі. Оңғар Алпысбайұлы жалғастырып айтады.

Қайыржан Ілесұлының Алтынсарин ауылында тұрып жатқанына 13 жылдан асты. Бұған дейін бірнеше рет қызыл су үйіне дейін кірген екен. Бұл жолы да қардың қалың екенін көрген ол жағдайды өз көзімен көрмек болып ауыл сыртына шықты.

Қайыржан Ілесұлы, Ы.Алтынсарин ауылының тұрғыны:

Қар төмен қарай еритін болса ол ауылды басады ол. Ал енді біз сол үшін әкімдікке арыз жаздық. Осының барлығын халыққа айтқызбай-ақ, ашындырмай-ақ алдын ала алуға болады ғой.

Оңғар Алпысбайұлы, тілші:

Тұрғындардың қауіптеніп отырған жері осы. Астананың көшесінен тиелген мыңдаған шаршы метр қар осы жерге төгіледі. Ал жаңағы айтқан ыбырай Алтынсарин ауылы бұл жерден шамамен 1,5 шақырым жерде орналасқан.

Жергілікті әкімдік бұл мәселе толығымен ойластырылып қойғанын айтып отыр. Қала сыртына шығарылған қардың суы ауыл тұрғындарын әбігерге салмауы үшін арық қазылып жатыр.

Ермек Медеубаев, Целиноград ауданы талепкер ауылдық округі әкімінің орынбасары:

Осы жерде бұрын кеуіп қалған көл бар. Сол көлге жиналса ары қарай, міне арықтың көзін ашып жатыр техника. Тас жолының ар жағында көпір арқылы Есіл өзеніне түсіру арқылы судың алдын аламыз деген жоспармен істеп отырмыз.

Ауылдың іші бүгіннің өзінде батпақ. Күн күрт жылынатын болса, қауіпті жағдайды бағамдай беріңіз. Табиғат апатын болдырмау үшін жергілікті билік алдында әлі бірсыпыра жұмыс тұр.

Оңғар АЛПЫСБАЙҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу