Қостанайда барлық тауарларының бағасы 500 теңгеден аспайтын дүкен ашылды. Мұнда негізінен балалар киімі мен ойыншықтар, кітаптар сатылады. Жергілікті кәсіпкер сауда орнын ашқанда – тұрмысы төмен отбасыларға көмектесуді көздеген.
Сондықтан, тұтынушылардан түскен қаржы тек ғимараттың жалға алу құнын өтесе жеткілікті. Ал мұндағы зат тұрғындардан жиналады. Яғни, өзі пайданаланбайтын мүлкін кез келген азамат осында әкеліп тапсыра алады.
Ондай мүмкіндігі болмағандары қоңырау шалса, дүкен иесі көлік жіберіп өзі алып кетеді.
Сағира Нұрпейісова, кәсіпкер:
Бұл дүкенді шын жүрегіммен жұртқа көмек қолын созу үшін аштым. Тұрмысы нашар адамдарға көмектесу үшін. Келушілерге де айтамын, көмекке мұқтаждар болса келсін, қолымнан келгенше көмектесемін деп.
Дәуренбек ӘБДІБЕК