Басты Жаңалықтар Әкім әйел, халыққа жақын әйел

Әкім әйел, халыққа жақын әйел

Елдік жолында ерлермен иық тіресіп, ел ертеңі үшін аянбай еңбек етіп жүрген әйелдер бар. Үлкен ауылды немесе шаруа қожалығын, кәсіпорынды басқаратын қыз-келіншектер қаншама. Соның бірі - Шығыс Қазақстан облысының Алтай ауданында тұратын Динара Қожанова. Жас та болса, бүгінде ауылға әкім болып отыр. 

Динараның Тұрғысын ауылында әкім болғанына 1 жылдан асты. 1 мыңнан астам халқы бар елді мекенді өзі тізгіндеген қызметтік көлікпен жиі аралайды. Айтуынша, кез келген ауыл басшысы ең алдымен тұрғындармен жақсы тіл табысып, олардың сенімін ақтау керек.

Динара Қожанова, ауыл әкімі:

- Жаңалық тосады, қандай істер атқарады екен деп. Бәрі сеніммен қарап отырғанда, айтқаныңда тұрып, жұмысты жүргізсең, артыңнан еріп, бағыт-бағдарларын беріп, қолдарынан келген көмектерін аямайды.

Динараның мемлекеттік қызметте жүргеніне 15 жыл. Бұған дейін Өскемендегі бірнеше мекемеде еңбек етсе де, ауылдағы қызметіне ерекше құлшыныспен кіріскен. Бұзылған құдықты іске қосты. Ауызсуды ауыл іргесіндегі бұлақтан тасып ішкен тұрғындарды зор бейнеттен құтқарды. Жолын тауып, тасқыннан зардап шеккендердің баспанасын жөндетті.

Қанат Исабаев, ауыл тұрғыны:

- Резеңке етікті киіп алып, барлық жұмысты атқарып шықты. Тұрғындар енді ризамыз мұндай әкімге. «Әкім болсаң, осындай әкім бол», дейді ғой.

Шығыстағы әйел адамдардың белсенділігі өте жоғары. Мереке қарсаңында оларды облыс әкімі құттықтап, үлкен концерт өтті. Қонақтар қатарында 7 баланың анасы Сәулеш Абылғожина да болды. Ол қазақтың ақ бас сиырларын өсіретін қожалықты басқарады. Қай салада болсын, әйел адамдардың еңбек етуіне барлық жағдай бар дейді.

Сәулеш Абылғожина, шаруа қожалығының басшысы:

- Енді ол адамның өзіне де байланысты ғой. Талпынып еңбек етсе, мүмкіндік бар деп ойлаймын. Қазіргі уақытта ауылымнан балабақша ашайын деген ойым бар.

Сәулеш Абылғожина балабақша ашуды көздесе, жас әкім Динара Қожанова Тұрғысын ауылында мәдениет үйі салынса деп армандайды. Оның бұдан да басқа жоспарлары көп. Келесі жылы орталықтандырылған су жүйесін тарту үшін жобалық-сметалық құжаттарды дайындап қойыпты. Жаны тазалыққа жақын жас әкім көшедегі қар күреу, жазда гүл егу жұмыстарының да бас-қасында өзі жүреді екен. Ауылдың тұрмыс-тіршілігімен қатар, келбеті де жақсарып келе жатқанына тұрғындар дән риза.

Берік КӨШЕРБАЙ

Бөлісу